«ӨЗДЕРІҢ БІЛЕР НАРТАЙМЫН...»
Сыр өңірінде алғашқы ұжымдасып концерт қою үрдісі Нартай ақыннан басталады. Ел аузында Нартай жайлы аңызға бергісіз әңгімелер өте көп айтылады. Ақынның көзін көріп, дауысын тыңдап, жүздескен жандар қатары қазір тым сиреп қалды. Сексеннің сеңгіріне шыққан танымал қаламгер, радиожурналистика саласының ардагері Ахат Жанаев сонау Қорқыт баба дәуірінен бергі көне мұраларды жалықпай жинастырып, үнтаспаға түсіріп, радио арқылы үзбей насихаттаған санаулы жанның бірі.
Қарт тілші өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап Көшеней Рүстембеков, Мәдина Ералиева, Алмас Алматов, Мұрат Сыдықов, Әбілаш Әбуов, Бексұлтан Байкенжеев, Әлмырза Ноғайбаев, Қуандық Бүрлібаев, Балқашбай Жүсіпов, Мұзарап ақын секілді талантты өнерпаздар мен дарынды жастардың танылуына Қазақ радиосы арқылы сүбелі үлес қосты. Біз сәті түскен жүздесуде ол кісіден елді әсем дауысымен де, сырлы сазымен де еліткен Нартай ақын туралы естеліктер айтып беруін өтіндік. – Ұлы Отан соғысы жылдары болатын. Біз ол кезде баламыз. Жарықтық, сол кісінің қолынан ет асап, ақ батасын алған едім. Ол күндерді еске түсірудің өзі қиын. Жүректі шымырлатып әкетеді. Ол ауыртпалық адам түгілі нар белін қайыстырарлық қиындықтар еді. Еске алсам, жанарға жас үйіріліп, қанды жорық жолындағы азаматтарын сарыла күткен ақ жаулықты аналар мен ай дидарлы арулардың үкілі үмітке толы бейнесі тізбектеліп көз алдымнан өткендей болады.
Бұл өнер дегеніңіз өзекті жанды өзіне баурап әкетер, алпыс екі тамырыңызды иітер, таңғажайып сезімге бөлер сиқырлы әлем ғой. Қос ішекті күйге келтіріп, әуелете ән шырқай білмесек те, кішкентай күнімізден ән-жырға, қисса-дастандарға ғашық болып өстік. Қандай бір той-томалақ, басқосу болмасын ән-жырсыз өтпейтін, - деп ағынан жарылған ағамыз сәл күрсініп, түйдек-түйдек естеліктерін қайта жалғады.
«Бұл 1943 жылдың жазы, бидай орағының қарбалас кезеңі еді. Ол кезде бұрынғы Тереңөзек ауданының 1 мамыр ауылында тұратынбыз. Бастауыш сыныпта оқимын. «Нартай ақын бастаған өнер адамдары келе жатыр» деген қуанышты хабар аядай ауылға тез тарап үлгерді. Дереу Майжарманың жағасындағы Әлмағамбет бауына ақбоз үйлер тігіліп, ауылдың үлкен-кішісі қонақ жайғау қамына дереу кірісіп кетті. Осы топтың ішінде біз де болғанбыз. Аптап ыстықтан әбден шөліркеп әрі жолсоқты болып шаршап келген қонақтар әлгі үйге жайғасып шөл басты. Ұзын саны оншақты адам. Топ басшысы өте көрікті, қою мұртты, жылы шырайлы, балажан кісі екен. Ол кісінің Нартай әкеміз екеніне сонда ғана қаныққан едік. Үй иесі, ауыл басшысы Іскендір Әлмағамбетов ағамыз маған түп нағашы болып келетін.
– Ахат, айналайын, мынау дуалы ауызды меймандардың қолына су құйып, батасын алғайсың. Қазақта «Қырықтың бірі – қыдыр, мыңның бірі – уәлі» деген аталы сөз бар. Бөтен болмассың, - деп маған кеңесін берген-ді.
Уақыттың тығыздығына орай шәй ішіліп, болған соң көп күттірмей кәделі тағам – ет те тартылды. Біраздан соң топ басшысының:
– Бізге қызмет жасап жүрген қара бала бар еді ғой, соны шақырыңдаршы. Өз қолыммен ет асатайын. Өзі әңгіме мен ән-жыр тыңдауға құлықты көрінеді білем, – деген сөзін құлағым шалып қалды. Қуанып кеттім. Әлгіндей ұлықтардың қолынан ет асамақ түгілі, бір көруге зар болып жүрген біздер үшін бұл бір ұмытылмас сәт болатын.
Содан кейін Нартаймен 1953 жылдың қоңыр күзінде күріш орағы кезінде өзінің кіндік қаны тамған ата жұртында кездескен екенмін. Сол жылы Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институты студенттерін Шиелі ауданына жіберген болатын. Араға апта салып, түс кезінде өзіммен бірге оқитын шымкенттік досым Қалаубек Тұрсынқұловты ертіп Н.Бекежановтың үйіне тартып кеттік. Келсек, құдай қосқан қосағы Ақжан анамыз екеуі шәй ішіп отыр екен. Біз ішке енген бойдан жастықтан басын көтеріп:
– Шырақтарым, осында Ақмешіттен студенттер келіп жатыр дегенді естіп едім, шамасы, солар болдыңдар-ау, – деп қуанып қалды. Өзімізді таныстыра бастадық.
– Мынау Қалаубек есімді балаңыз, қасиетті Қазығұрт тауының перзенті, мен болсам, өзіңіз ат ізін суытпай жиі барып тұратын көршілес Тереңөзек ауданының 1 май ауылынанмын. Осыдан 10 жыл бұрын қолыңыздан ет асап, батаңызды алған едім. Сол лепеңіз қабыл болып, қазір Қызылорда пединститутының тіл-әдебиет факультетінде оқып жатқан жайымыз бар. Сізге сәлем берейік, хал-жағдайыңызды білейік деп келген едік. Рұқсат болса енді жүрейік, - деп жинала бергенімізде:
– Сәлем берсеңдер, саламат болыңдар, айналайындар! Сөз қадірін білетін балалар екенсіңдер. Бөтен болмассыңдар, иншалла. «Қуыс үйден құр шықпа» дегендей, тым болмаса әкелеріңнен бір ән тыңдап аттанғайсыңдар, – деп көне сырнайын күйге келтіріп, былайша сызылтып әкетті.
60 жыл тарттым сырнайды,
Оным да енді көнерді.
Көнергенше сырнайым,
Күйіме жұртым кенелді.
Шырылдап туған сәбиге,
Жаялық еттім өлеңді,
Дірілдеп тұрған кәріге,
Таяныш еттім өлеңді.
Сол кезде пайғамбар жасынан асып кетсе де Нәкеңнің құлаққа жағымды қоңыр үні әдемі сақталған екен. «Әттең-ай» деймін қазір. Бұл менің шашасына шаң жұқтырмас Нартай ақынды соңғы рет көруім екен.
Иә, нар тұлғалы Нартай атамыз қайталанбас дауысымен, асқан композиторлығымен, азаматтық асқақ болмысымен талай жанның жүрегінде жарық жұлдыздай жарқырап тұр.
Оның ән дариясы сұлу Сырдың сазды толқындарымен үндесіп, тілдесіп тұрғандай. Адамзатты мәңгілік ғұмыр иесіне айналдырар өнер құдіреті дегеніміз бәлки, осы болар!
Г.АСҚАРҚЫЗЫ,
Қызылорда қаласы