АДАМ МЕН ОНЫҢ ӨМІРІНЕ БАҒЫТТАЛҒАН ЖОБА
Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қоғамның рухани жаңғыруына халықтың дәстүрі мен ұлттық мәдениеті негіз болуы тиіс екенін атап көрсетті. Мұндай бағытты ұстану кешегі күн мен бүгінді, бүгін мен ертеңді жалғастырады. Осы орайда Елбасының «Рухани жаңғыру» саласы бойынша берген тапсырмалары жер-жерде жедел орындалып жатқанын айрықша атап өткеніміз жөн. Бағдарламалық мақала еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеп, зерделеуге айрықша маңыз берді.
Өткен 2017 жылы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының бірінші кезеңі жүзеге асырылып, қасиетті орындар, жәдігер ескерткіштер анықталды. Бұл жұмыстар әлі де жүйелі түрде жалғасуда. Айта кетейік, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» – тарих пен мәдениетке, адамның рухани дамуына және оның туған жеріне деген байланысына негізделе отырып адам мен оның өміріне бағытталған жоба.
Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Әділбек Ерсұлтановтың айтуынша, аймағымызда мәдениет кластерлерін дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Мәселен, «Ұлы Жібек жолын жаңғырту» кластері бойынша Қорқыт ата мемориалды ескерткіш кешені толықтай жаңғыртудан өтіп, туристік нысанды бүгінгі күні халықаралық туристік маршрутқа енгізу бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Бұған қоса, облыстық тарихи-өлкетану музейіне жөндеу-реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп, музей заманауи үлгіде толығымен қайта жабдықталған. Сонымен қатар, өңірдегі 9 ескерткіш – Сығанақ, Жанкент, Кескен-күйік, Шірік-Рабат, Бәбіш-мола, Жент, Баланды қалашықтары, Жетіасар мәдениеті ескерткіштері және Сауысқандық петроглифтері ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұраларының алдын-ала тізіміне енгізілді.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының бірінші кезеңі бойынша облыс көлеміндегі 12 ескерткіш «Жалпыұлттық қасиетті нысандар», 35 нысан «Өңірлік қасиетті нысандар» кітаптарына енгізілді.