Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ҚИЯДА ТҰРЫП ҚАЛҒАН ҚЫРАН ҮНІ

ҚИЯДА ТҰРЫП ҚАЛҒАН ҚЫРАН ҮНІ


«Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы сая¬сат¬тағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек».
Мемлекет басшысы Н.Ә.НАЗАРБАЕВ.

Қорқыттан Асанқайғыға ауысып, Бұқарға жеткен жыраулыққа Кіші жүздің Кете атанған Байсарысы бұйда тағып, он екінші ұрпағы Жиенбайға жетектеткен. Бұған ел аузындағы «Жыраулық Шөмекейге түстеніп, Кетеге қонған» деген сөз бұлтарпас дәлел болады.
Жиенбайдың әкесі Дүзбембет те даусы дүзге, аты алысқа жайылған жырау еді дейді көне жұрт жады. Ал, анасы Сыр сүлейлерінің дүрі Шораяқтың Омарының туған апасы болса, өн-бойындағы өнер қанынан құйылған Жиенбайдың жыраулығы қандай?! Оған мына бір әңгіме арқылы келейік.
1926 жылы Ақтайлақ деген жерде Кете Шонай деген кісінің асы өтіпті. Осы аста таңды таңға ұратын жыраулар сынға түсіпті. Қырық жырау қатысқан жыр бәйгесіне үш жүз жылқы тігіліпті. Бір айтылған жырды не қисса, термені қайтадан қайталамау жыраулық сайыстың басты шарты екен. Мұндай сынға қас жүйрік болмаса, кім шыдасын. Ақырында бәйге аттары секілді көп бәсекелестің легі сетінеп, үшінші күн дегенде Жиенбай мен Тасберген ғана қалған. Тыңдаушы жұрт екі жыршының біріне қарай ойысқанда Тасберген жолымды бердім деп, орнынан тұрады.
Сөйтіп, Жиенбай жеңіп, үш жүз жылқының жартысынан көбін «төрдегілерге», «есіктегілерге» деп таратып береді. Қалғанын «Жиекеңнен сыбаға аламыз» деп алдынан шыққан жолшыбай жұртқа үлестіріп, өзінің алдында үш жүзден оншақты ғана жылқы қалған екен.
Жолы дара, қолы жомарт осы Жиенбай жырау 1864 жылы дүниеге келген. Жыраулығымен аты асқақтап жүрген дәуренінде он төрт жасар Балжан сұлуды екінші әйелдікке алып, сол анамыздан 1905 жылы Рүстембек туған. Өзінде бала тұрмаған Балшаш бәйбіше Рүстембекті бауырына салып, еміренгенде кеуіп қалған көкірегінен сүт шығыпты. Дүние-ай, десейші!
Мейірімге меймілдеп қанып өскен Рүстембек те атақты жырау болған. Оның жыраулығы он екі жасында үш жүздің басын қосқан Шонайдың асында әкесімен бірге жыр айтып танылады. Осы аста бала жыраудың дауысына таңғалған бір дуалы ауыз кісі: «Жиенбай, мына балаңа пейіштің жемісін жегізгенсің бе?» – депті. Мұнан артық баға бола ма?
Рүстембекті жырау ғана емес, әнші-сазгерлік, ақындықты да бойына тоқыған талант еді дейді. Десе дегендей, оның қазақ ішіне тараған «Ақтолғай» әні үлкен сахналардан әлі күнге айтылып жүр.
Рүстембек ер жеткен соң Ақтөбе жағында тұратын Болаш бақсының қызы Әнәпиямен бас қосқан.
Ал, Көшеней 1946 жылы өмірге келген. Әкесі Көшенейді қос қолын шапаттап қомданғаннан бастап, алдына алып жырмен әлдилеген.
Көшеней туған мекен сүлей деген даңғайыр атты алысқа таратқан –Ешнияз сал, Балқы базар, Кете Жүсіп, Қарасақал Ерімбет, Шаһнамалы Тұрмағанбет секілді сүйріктер мен жүйріктер түлеген жыр жерұйығы еді. Атасы жасында қайтыс болып, жыр үйренер шағында әкесі дауыстан қалса да Көшеней баба діліндегі ұлы өнерді бойына дарыта білген. Бала күнінде әкесінің мақамын ыңылдап отырып құлағына сіңірген анасы Әнәпия болса, бері келе осы топырақтан шыққан көкірегі алтын сандық азамат Сүлейменов Болатбек ағасы да оның атадан қалған жыр-мақамды ойда сақтауына үлкен септігін тигізген. 1960 жылдары Рүстембекті үйіне арнайы алдырып, таң атқанша жырлатып, магнитофон таспасына жазып алған Болатбек ағасы сол таспаны кейін Көшенейдің қолына ұстатыпты. Бұл туралы өз шығармасында жазушы Адам Мекебаев әңгімелепті.
Өнерді жалықпай үйренуге де болады. Бірақ оның саф түрі қанмен қосылып, сүтпен сіңеді. Оның адамға берілу жолын әзірге түсіндіріп берген ғылым жоқ. «Жетектеп кетті», «аян берді» деген сөздерге олардың күлкісі келеді. Қандай да бір заттың сиқырына түсінбеген адамның оған көзбен емес, соқыр күлкімен қарайтыны рас.
Көшеней де жас кезінде шырт ұйқысынан шошып оянатын болған. Тіпті жоғары мектепте оқып жүрген жігіт шағында да төсегінен атып тұрып: «Бір жолбарыс аузын аямай салды» – депті. Бұл сөзді өз құлағымен естіген інісі Бидас жырау айтады. Сол жолбарыс ата аруағы, жыр киесі емей, не?
Осылайша, Көшеней әкесі Рүстембектің, Үбісұлтан мен Мұзарап жыраудың құлақтан кетпес үнін бойына тұмар қылып тағып, бірте-бірте жыр құдіретінің тереңіне шым-шымдап бата береді. Алғашқы кездерде ән айтып жүрсе де, оқуға түскен жылдары тамақтан бүлкілдеп шығып, томағасын алған қырандай заулай жөнелетін даусын ұзақ жырларға төсеп салады.
Рүстембек 1968 жылы Қызылорда педагогика институтын бітіріп, Ақжар аулындағы №28 орта мектепте мұғалім болып қызмет еткен. Бұл оның Ә.Қоңыратбаев, А.Тоқмағанбетов, М.Байділдаев секілді жыр, жыраулық мәселесін зерттеген оқымыстылар тарапынан талантының мойындала бастаған шағы.
Көшеней мектепте ұстаз бола жүріп, жыраулық өнердің насихатшысы ғана емес, енді оның зерттеушісі болуға бел буады. 1971 жылы белгілі ғалым Мардан Байділдаев пен Оразкүл Нұрмағанбетованың шақыртуымен Алматыға келіп, ірі ғалымдардың сараптауынан өтеді. Сонан соң мәдениет минстрлігінің қолдауымен, Қазақ КСР ҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жолдамасымен Мәскеудегі Дүниежүзілік әдебиет институтының шығыстану бөлімінің аспирантурасына жіберіледі. Сөйтіп, біржола ғылыми ізденіс жолына бет бұрады.
Көшенейді зерттеушілерді қолға алып отырсам, Қорқыттан басталатын қобыз үніндегі күйшілік сарынды сіңірген жыраулық құдірет Көшеней бойында тасқындап жататын еді дейді. Оның үні ұлттық рухты оятып, сетіней бастаған тіліміздің қасиетін қайта түлеткенін айтады. Көшенейдің тәңірдің үнін жеткізуші деп санайды.
Менің көзіме қараңғыдан қашып шыққан жарық елестейді. Осынша ғажайып «мамықтай жеңіл, табыттай ауыр» жыр айтып отырған қолбасындай жыршының қай жағынан шығып тұр деп ойға шомамын. Сөз тиді ме, сұқ өтті ме, сол бір сұңғыланың 27 жасында опат болуы ақылыма сыяр емес.
Менде де бір «жетек» бар сияқты. Кейде Көшенейдің сарыны құлағыма келіп, арқаланып әрі-бері кезетінім бар. Мына бір өлең сондай сәтте туды.
Тіршіліктің кір өңін,
Жырмен жуып жүр едім.
Мақамынан жыраудың,
Таптым дерттің бір емін.
Естігенде тағдырын,
Жүлгеленді жүрегім.
Шуақты еді күн қандай,
Шуағынан дым қалмай.
Қос өкпеме біз сұғып,
Он қабырғам сынғандай.
Ой түбіне қамалдым,
Он бір құлаш зындандай...
Көшеней жыраудың Мәскеудегі өмірі, ой-санасындағы арман сезімі, азаматтық тұлғасы оның жан жары Жұпарға, ұстаздарына, достарына жазған хаттарында керемет көрініс тапқан. Өнертанушы ғалым Берік Жүсіпов Көшенейдің ұстазы О.Нұрмағанбетоваға жазған 6 хатын, ақын досы Серік Сейітмағанбетовке жазған 1 хатын баспасөзге жариялапты. Қазіргі күні сахна саңлағына айналып жүрген Арнұр Көшенейұлы әкесінің жиырма шақты хатын Қармақшы аудандық «Мәдени мұра» орталығына тапсырыпты. Осылардың бәрі «Жырау жазған хаттар» деген тақырыппен бір кітапшаға дайын болып тұрған секілді.
Менің пайымдауынша, Көшеней жалғаған сүлейлердің жыр көші Алмас Алматовтың ақық шашқан үнімен ілгерілеп, бүгінгі Арнұр, Серік, Майра, Күнсұлуға дейінгі тіннің бойымен алыс болашақты бетке алып барады.
Ол жолынан адаспайды, аялдап алып, сапарын соза береді.
Көшенейдің қияда қалықтап тұрып қалған қыран-үні Мәңгілік елдің биік мұраты, ұрпақтың рухани қуаты боларлық өнер байлығы екеніне күмән жоқ.
Рухани жаңғыру жайын бағдарламалап жатқан бүгінгі күні Көшеней секілді ұлы көшті жалғаушылардың мұрасы біздің ұлттық бет-бейнемізді танытатын тамаша мирасымыз емес пе?
Мұндай жауһар жәдігерлік қазіргі тілмен айтқанда қазақ өнерінің бренді болуға лайық.

Д.АЯШҰЛЫ
28 қыркүйек 2018 ж. 741 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области