ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы қазіргі ғаламдастыру заманындағы түйткілі көп проблемалардың шешімі айтылған ерекше құжат екені даусыз. Мақала атауындағы «рухани жаңғыру» тіркесінің өзі жұртшылықты ұлт болашағы хақында көп ой-толғамдарға жетелейді.
Шындығында қазіргі күні адам баласының мінез-құлқы мен сана-сезімі тез өзгеріске ұшырап жатыр. Себебі, дүниенің өмір сүру заңдылықтары жылдам жаңғырып, бәсекелестіктің қарқыны арта түсуде. Алайда, халқымыз бұл өзгеріс жолында Елбасы айтқандай: «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды». Сондықтан біздің ел өз ұлттық құндылықтары мен рухани байлығынан нәр алып, заман ағымына ілесіп ғана қоймай, көшбастаушылар қатарынан орын алуы қажет.
Бұл ең бірінші ұлттың ұлттық санасының қалыптасуына ерекше мән берілуі керек. Ұлттық сананың негізі – тарихи таным, тарихи сана-сезім. Адам өзінің қайдан шығып, қалай жаратылғанын білмей, бұл өмірге келуінің мақсатын да түсіне қоймайды.Сонымен қатар, жаңарған қоғамның жастары жаңа ұлттық саясатты түсінуі және меңгеруі – уақыт талабы. Ұлттық саясат – бір мемлекетте тұратын әртүрлі этностардың, этностық топтар мен диаспоралардың арасындағы қарым-қатынастарды реттеу.
Өркениетті мемлекеттерде ұлттық саясат этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді сақтауды және нығайтуды мақсат етеді. Сондықтан ұлтаралық қатынастарды, ұлт мәселесін және ұлттардың өзін-өзі билеуі мәселесін шешуге, реттеуге бағытталған ұлттық саясатқа деген зәрулік әлем мемлекеттерінің басым көпшілігіне тән құбылыс. Осы тұрғыдан алғанда жастар арасында қазіргі ұлттық саясатты жүргізудің бір әдісі – оларға басқалардың құндылықтарына еліктеп кетпейтіндей деңгейде ұлттық болмысымызды насихаттай білу. Әрине, бұл – олар басқа ұлт пен ұлыстардың озық үлгілерін үйренбесін, олардан тыс қалсын деген сөз емес. Бұл жердегі басты мақсат – тұтастық, бірлік, елдік мәселесі.
Келесі мәселе – ұлттық сананы жетілдіру. Елімізде тарихи сананы қалыптастыру – ел бірлігінің кепілі, ол тұтас руханиятқа жеткізеді. Ұлттың болмысы, санасы, дәстүрі мен салты, кәсібі, ұстанымы және т.б. да бірде кертіліп, бірде жетіліп ғасырлармен бірге жасасып келеді. Бәрінен де бұрын тарих – тәрбиеші, ұлттың бағдаршамы, жол сілтеушісі. Бағдары жоқ ел де, оның азаматтары да тарих айдынында адасары анық. Өз уақытында Ә.Бөкейханов: «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынан өзі де жоғалуға бейім тұрады… Дүниеде өзге жұрттар қатарында қор болмайын, «тұқымым құрып қалмасын» деген халық өзінің шежіресін имани дәрежесінде ұғып-білуге тиіс болады», - деп жазған болатын. Сондықтан ол жетекшілік еткен Алаш азаматтары қазақ болмысын айқындайтын рухани құндылықтарға ерекше көңіл бөліп, ұлт тарихын, ұлттық сананы қалыптастыратын, бір жүйеге түсіретін істерге ерекше назар аударды.
Алайда, Кеңес өкіметі ұстанған саясат Алаш азаматтарының бұл ойын жүзеге асыртпады. Өйткені, ол тұстағы ұстаным бойынша аз, кіші халықтардың мемлекет субъектісі ретінде өз тарихтары болмайды, ол тек үлкен тарихтың объектісі деп түсіндірілді. Осы ұстаныммен бұрынғы ұлт-азаттық көтерілістер бүлікшілік ретінде бағаланып, оның жетекшілері тарихи тұлға емес, елге іріткі салушы деп қараланды. Ал Ресей империясының өзінің шет аймақтарын жаулап алуы бұратана халықтарды өркениетке бастау, жақсылыққа жетелеу, көзін ашып, көкіректерін ояту деп түсіндірілді.
Қазір біз тәуелсіз даму жолындағы елміз. Алайда, үш ғасырдан астам уақытқа созылған Ресей империясының, кейінгі Кеңестер одағы жүргізген саясаттың үстемдігі Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағанынан кейін де бірден жойыла қоймайды. Өйткені, ол отарланған халықтың рухани өміріне тереңірек тамыр жіберді.
Кезінде Қайта өрлеу дәуірінің ірі ойшылы Никколо Макиавелли ұзақ уақыт отарланған халықтың санасында үстемдік еткен ұлттың тілі, діні, мәдениеті сақталып қалатыны жөнінде ескерткен болатын. Ал Кеңес Одағында басқа халықтарды ұлтсыздандыру саясаты ғылыми негізде, жүйелі түрде оқулықтарға енгізіле отырып жүргізілді.
Ұлттың тарихи санасы дегеніміз – күрделі феномен. Оның қалыптасуында, дамып-жетілуінде мемлекеттің ролі ерекше. Жеке адам да, ұлт та ұзақ уақыт тәрбиеден өту арқылы өз бойына ұлтжандылық, ізгілік, басқа ұлттармен бейбіт қатынаста өмір сүруге бейімделу секілді қасиеттерді жинақтайды, ұрпақтарының бойына дарытады.
Е.АБЕНОВ,
саяси ғылымдарының кандидаты