КИЕЛІ МЕКЕННЕН НӘР АЛҒАН ТАУ ТҰЛҒАЛАР
Ата-баба дәстүрі мен ұмыт бола бастаған тарихымызды қайта жаңғыртқан Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «... Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмірбақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды... Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұланғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті», – деген болатын.Иә, бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қасық қаны қалғанша «Жеріміз жаудың табанының астында қалмасын» деп күресті. Болашақ ұрпақ, яғни, біздің бөтен елдің тепкісінен таяқ жеп, қорлық көріп өскенімізді қаламады. Сондықтан, біз бүгінгі бейбіт күннің кімнің арқасында келгенін әсте естен шығармауымыз керек. Бабалар салған ізбенен бұл қасиетті өлкемізді қорғап, болашақ ұрпаққа аманат ету баршамыздың борышымыз.
«Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр» дегендей, тарихын білмеген туған жердің қасиетін қайдан түсінсін. Елдің ауызбіршілігін арттырып, ынтымақтастықты сақтап, дүйім жұртты бір ауыз сөзімен басқара білген датқа, болыстарымызды, елге жау шапқанда қашуға емес қаруына қарай ұмтылған батырларымызды, әр күнін Алла жолына арнаған әулие әмбиелерімізді бүгінгі ұрпақ білуі тиіс.
Біздің өңірде де өмір сүріп, елге қалтқысыз қызмет еткен жандар, Алаштың тұлғалары баршылық. Осы киелі өлкенің суын ішіп, топырағын басып жүрген соң елі үшін еміреніп қызмет жасаған азаматтардың есімдерін ұмыт қылмай ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуіміз керек.
Ертеректе өмірден өткенмен, оның әрқайсысы туралы мақала жазып, әруағын қозғаса жараса түсетінi шындық. Халық әулие деп атаған Оқшы ата, Асан ата, Қыш ата, Ғайып ата, Есабыз, Досбол датқа, даңқы елге таралған шешен, сөз зергерлері Бала би, Бұдабай, Иманжүсіп, Әйеке, айтулы еріміз Жаназар батыр, саясаткер Мұстафа Шоқай тағы басқалардың өнегелі өмірлерін, атқарған істерін қазіргі жастарға да, келешектегі ұрпаққа да үлгі-өнеге етіп келеміз. Киелі жер – Шиеліден халқына мақтан болар әлі талай мықтылар шығатыны ақиқат. Сондай-ақ, елге жаңа бір серпін берген мақалада Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деген болатын.
Осыған орай еліміздегі «Қазақстанның киелі орындарының географиясы» анықталған еді. Солардың ішінде ауданымыздың іргесінде орналасқан «Оқшы ата» кесенесі де бар. Осы секілді тарихымыздан сыр шертетін орындарымыз жайында бүгінгі өскелең жастарға түсіндіріп, әлі де зерттеуді қажет ететін орындарымызды жаңғыртсақ нұр үстіне нұр болары анық.