Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ҰЛТ РУХЫН ҚАЙТА ТҮЛЕТКЕН

ҰЛТ РУХЫН ҚАЙТА ТҮЛЕТКЕН


«Отаныңмен салыстырғанда ең қымбатыңның өзі арзан», деп Қадыр ақын айтқандай адамның ең қымбаты жаны болса, соны шүберекке түйіп, сол кездегі Қазақстан басшысы Левон Мирзоянның шақыруымен Өзбекстандағы атқарып жүрген халық ағарту комиссары деген биік лауазымды қызметін қалдырып, Темірбек Жүргеновтің 1933 жылы өз отанына – Қазақстанға халық ағарту комиссары қызметіне келуі, жеке басынының амандығынан гөрі ұлт мүддесін жоғары қойған биік мұраттан туған шешім еді. Олай дейтінім, сол кезеңде Алаш ардақтыларының басына қара бұлт үйіріліп Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Халел Досмұхамедов абақтыға жабылып, Әлихан Бөкейханов пен Мұхтар Әуезовтер жауапталып, түрмеге бір түсіп, бір шығып жүрген зұлмат кезең болатын.
Оның үстіне 1931-33 жылдардағы ашаршылықтан Қазақстан екі жарым миллион халқынан айрылған, тірі қалғандардың мұқтажы да, мақсаты да тек қарын тойдыру ғана болған, мемлекеттің экономикалық жағдайы тұралаған, талшық етерлік нәпақа үшін, әсіресе, басының амандығы үшін бір жарым миллион қазақ Өзбекстан мен Түрікменстанды паналап, одан Ауғанстан ауып босқындыққа ұшыраған адам айтса нанғысыз, жантүршігерлік ауыр жылдар еді. Шақыруды қабыл алмай Өзбекстанда сол қызметінде қала бергенде мүмкін «халық жауы» деген жаладан аман қалып, атылып кетпеген болар ма еді, деген ой көкейде кептеледі де тұрады.
Дара тұлғаның қайраткерлігін бағалауда үш өлшем бар: – Биіктік, Тереңдік, Кеңдік. Табиғи таланттарды іздеп табу, тану, оларға жағдай жасап, өнер көгінде жарқырай көрінулеріне, аштықтан тұралаған, қансыраған мемлекетті үш жылда, яғни, 1936 жылы Мәскеудегі онкүндікте қазақ ұлтының рухы биік, мәдениеті мен әдебиетінің ешбір елден кем еместігінің көрініс табуы Жүргеновтің қайсар қайраткерлігі мен орасан зор іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілетінің ауқымдылығы, бір сөзбен айтқанда биіктігі еді.
Темірбек Жүргеновтің негізгі мамандығы заңгер. Тума талант болғандығынан араб, парсы, шағатай, өзбек, татар, башқұрт тілдерін жетік меңгерген, тек қазақ әдебиеті ғана емес, әлем әдебиетінің жауһарларымен сусындап өскен, ұлан-асыр біліктілігімен танылған тұлға. Білім-біліктілігінің арқасында Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсіреповтердей қазақ әдебиеті алыптарының шығармаларына талдау жасап, оларға бағыт-бағдар беріп, әдеби пікірталастарда батыл ұстанымы болған. Мұхтар Әуезовтің «Хан Кене» пьесасы әдеби, мәдени ортада «хандықты дәріптеуші» ретінде қызу талқыға түскенде, оның сахналануына жол ашқан. Әлем әдебиеті мен мәдениетінің жауһары саналатын Әбілқасым Фирдоусидің алпыс мың бәйіттік шығармасы «Шахнамені» түп нұсқадан оқып талдап және осыған дейінгі оның қазақша тәржімаларымен танысып, оларды жеткіліксіз деп тауып, жауапталып әлсін-әлсін тұтқындалып жүрген шайырлардың шайыры Тұрмағамбет Ізтілеуовті Алматыға алдыртып, содан 40 мың жолдық шығарма дүниеге келген. Бұл еңбекті Мұхтар Әуезов – «Мұны аударма деп емес, қазақша жазылған варианты деп бағалаған дұрыс» деген тұжырым жасаған. Бұл – Темірбек Жүргеновтің білімдарлығы мен тереңдігінің дәлелі.
Ұлтжандылығының арқасында қазақ даласындай айқара ашылған кең құшағына Жамбыл Жабаев, Күләш Байсейітова, Қанабек Байсейітов, Шара Жиенқұлова, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Серке Қожамқұлов, Жұмат Шанин- дердей талант иелерін сыйдырған. Мәскеуде оқып жатқан қазақ азаматтарына қаржылай демеушілік жасап тұрған және қазақ, өзбек, тәжік азаматтарын білімдерін көтеруге Ресейдің орталық қалаларына жіберген, олар өз кезегінде іргелі білім ордаларынан алған білімдерімен өз елдерінің мәдениетін, өнерін, әдебиетін көтерген. Бұл – Темірбек Жүргеновтің көрегендігінің және кеңдігінің дәлелі.
Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Тұрар Рысқұлов, Темірбек Жүргенов сынды қазақтың марқасқа перзенттері атылып кетпегенде, сол зұлмат кезеңді қазақ бастан кешпегенде, біздің ұлттық болмысымыз бүгінгіден әлдеқайда жоғары деңгейде болған болар еді деген ойдамын. Жасқаншақ, жағымпаз қазақтың бастауы осы зұлмат кезеңде жатыр ғой деген ой түйемін. Тағдырың тоғыз грамм қорғасынға байлаулы болғасын, сенің батырлығың мен батылдығыңнан не пайда?! Айтыскер ақын марқұм – Ерік Асқаровтың «Соңғы сөз» деген өлеңінде: – «Махамбеттің соңғы сөзі кетті ғой, Қапияда бақи болған баспенен» дейтіні бар. Репрессия құрбандарының барлығы ел-жұртына, туған-туыстары мен құдай қосқан жарына, балалары мен бауырларына соңғы (бақұлдасу) сөзі түгілі, «біссімілләсін» айта алмай, кебін де бұйырмай, көздерін көртопырақ көмді. Дұға бағыштауға маңдай тіреп барар моласының да болмағаны қандай өкінішті.
Біздің үлкен кемістігіміз, өткеннен сабақ алмайтынымыз. Әр жылдың 31 мамыр күні қуғын-сүргін құрбандарын еске ала отырып, сол кезеңді даттаумен, құрбандардың дөңгелек санды жылдарында ғана, дара тұлғалардың өрлігіне, ерлігіне, білімдарлығына, талантына табынғандай болып тамсанып, рухтарына ас беріп, дұға бағыштаумен, соларға ұқсағымыз келгендей сыңай танытумен ғана шектеліп, артынша ұмытатынымыз. Қуғын-сүргін құрбандарының қадіріне қаншалықты жете алдық, кейінгі ұрпаққа олардың қайталанбас өмір жолдарын үлгі ете алдық па, әміршілдіктен қаншалықты арылдық?, – деп бағамдай бермейтініміз. Жыл сай- ын 18-сәуір – ескерткіштерді қорғау күні қалалық кітапхана және мектеп қызметкерлерімен бірлесіп Т.Жүргенов ескерткішінің жа- нында марқұмды еске алу, рухқа тағзым шараларын өткізіп жүрміз. Кездейсоқ өткіншілерден: – мына Темірбек Жүргеновтің кім болғанын білесіз бе?, – десеңіз, әрқайсысы әртүрлі, бірі ақын, бірі жазушы, бірі ғарышкер дейтіндеріне куә болып жүрміз. Демек, буын алмасқан сайын Жүргенов сияқты ұлтына ұлтан болып қызмет етіп перзенттік парызын өтеген тұлғалар көңілден көшіп, санадан өшіп бара жатқаны жасырын емес.
Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қордың құрылғанына бес жыл болды. Қордың атынан Қызылорда облысының әкіміне ұсыныстар беріліп, дара тұлғаның қайраткерлігін ұлықтау мақсатында ауқымды шаралар белгіленіп біраз мәдени, саяси, көпшілік шаралар өткізіліп келеді.
2014 жылдың қыркүйек айының екінші жартысында Астана қаласында Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақстан мен Орта Азияның білім, ғылымын және өнерін дамытудағы Темірбек Жүргеновтің рөлі және рухани мұрасы» атты Президент әкімшілігімен, Қазақстан Үкіметімен келісілген халықаралық ғылыми конференция өткізілді. Осы конференцияға заңғар жазушы марқұм Әбіш Кекілбаев қатысып, – «Темірбек Жүргеновке дейін КСРО кеңістігінде:
– Кім лас?, Кім надан?, Кім жалқау?, дегенде – Қазақ ұлтының аты аталатын. Темірбек Жүргенов ұлт мәдениетін көтеру арқылы қазақты осы ұлттық кемсітуліктен арылтты. Қазақ мәдениеті тек осы үшін ғана Темірбекке қарыздар» деген сөз айтты. Конференцияға сол кездегі ҚР Премьер министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова мен ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысып, құттықтау лебіздерін білдірді.
Темірбек Жүргеновтің ұрпаққа үлгі боларлық өмір жолы мен қайраткерлігі жайлы үш деректі фильм жасалды. Бір деректі фильмді өз ынта-ықыласымен ешкімнен ақша-қаражат талап етпей-ақ облысымыздың белгілі журналисі Нұрлан Қазиұлы Соңғыбаев жасады. Қазақстанның халық әртісі Құрманбек Жандарбековтің бағалауынша, Темірбек Жүргенов – қазақ театрының атасы. Театр атасына деген құрметтің бірі ретінде Темірбек Жүргенов пен оның зайыбы Дәмеш Ермекова бейнелері сомдалған пьесаның сценарийін жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев «Мұның ақысы қанша болады?» демей-ақ, – «Барша қазақтың рухын қайта түлеткен Темірбек Жүргеновтей қайраткерден несіне аянайын» деп жазып берді. Алла сәтін салып, пьеса 2016 жылы Қызылорда облысының Нартай Бекежанов атындағы музыкалық драма те- атрында және 2017 жылы Ақтөбе облысының Тахауи Ақтанов атындағы драма театрында сахналанды. Осы жылдың 30 қазан – 06 қараша күндері Талдықорған қаласындағы жаңадан салынған Бикен Римова атындағы драма театрында Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына арналған VІІ Орта Азия (Түркия, Әзірбайжан, Ұлт рухын қайта түлеткен Башқұртстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан) мемлекеттерінің театрлары қатысатын театрлар фестивалі өтпекші. Осыған орайластыра ҚР Мәдениет және спорт министрлігі 1 қарашада Талдықорғанда халықаралық ғылыми конференция, 2 қараша күні Алматыда Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында халықаралық ғылыми конференция өткізуді жоспарлап отыр. 25-26 қазан күндері Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының ұжымы құрамында 50 адам өнерпаздары Қызылордаға келіп сценарийін де, қойылымын да өздері дайындаған Т. Жүргеновке арналған спектаклін және басқа да түрлі қойылымдар көрсетпекші.
Астана қаласындағы бір көше, Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы «Мақпалкөл» ауылы Темірбек Жүргеновтың есімімен аталды. Биылғы өткізген өзімнің де, ел-жұрттың да ойынан шыққан шара ол – 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қоғамдық қор Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясымен бірлесіп қайраткердің 120 жылдығына арналған «Жазба ақындар мүшәйрасының және көркем әңгімелер байқауының» қорытынды шарасы болды. Өнер академиясының аға оқытушысы, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер Дариға Тұранқұлқызының жазба ақындар мүшәйрасына келіп түскен өлеңдерден тұратын жан тебірентерлік қойылымдарының композициясы өте әсерлі өтті.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің алдына Т.Жүргеновтің Қазақстан мен Өзбекстанның білімі мен ғылымын дамытудағы еңбектері жинақталып, сол кездің саяси, әлеуметтік жағдайы тұрғысынан талданып барлық оқу орындарының кітапханаларына жетерліктей көлемде кітап етіп шығару, 2019 жылы Қазақстанның Өзбекстандағы жылының аталып өтуі аясында Т.Жүргеновты ұлықтау шараларын ұйымдастыру, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде немесе Қаныш Сәтбаев атындағы техникалық университетінде студенттер үшін Темірбек Жүргенов атындағы стипендия тағайындау, орта мектеп оқулықтарына «тұлғатану» бағдарламасы бойынша Темірбек Жүргеновтің өмірі мен қайраткерлігі жайлы мағлұмат енгізу мәселелері қойылды.
Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қор облыс басшылығы мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен көптеген игі іс атқаруда. Қайраткердің тұлғалық болмысын насихаттау арқылы атқарылар ауқымды істердің соңынан қалмай, ыждағаттылық пен талапшылдық танытып келеді. Темірбек Жүргеновты өзінің қайраткерлік жанкешті болмысына сай халықаралық деңгейге шығаруға қол жеткізді деген ойдамыз. Әлі де болса алда атқарылар шаралар баршылық. Алла сәтін салғай дейміз. Осындай шаралардың іске асуы, өскелең ұрпақты бабалар рухымен тәрбиелеу, тарихи сананы қалыптастыру, яғни, рухани жаңғыру бағытындағы кешенді жұмыстардың бір парағы болары анық.

Сәби АҢСАТ,
«Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қордың» төрағасы.
16 қазан 2018 ж. 715 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области