АҒАРТУШЫНЫҢ АТЫНА КӨШЕ БЕРІЛДІ
Қармақшы ауданы Жосалы кентіндегі Тәуелсіздік шағын ауданында білім беру мен оқу ағарту ісіне өмірін сарп еткен белгілі ағартушы, қоғамдық-саяси қайраткер Ыбрагім Елекейұлы Қасымовқа көше атауы берілді.
Қармақшы ауданының әкімі Сұлтан Мақашов белгілі қоғам қайраткері, ағартушы педагогтың өңіріміздің білім беру ісіндегі еңбегі бүгінгі ұрпақ санасында жаңғырып отырғандығын, өмір жолы жас ұрпаққа өнеге екендігін жеткізді.
Сонымен бірге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов, аудан ардагері Болат Абжалиев, ағарушының ұрпағы Рахат Медешов сөз сөйлеп, қайраткердің елге сіңірген еңбегі туралы айтты.
Шараға жиналған жұртшылық Тәуелсіздік шағын аудандағы көшеге орнатылған Ыбрагім Қасымовтың өмір жолы жайлы жазылған тақтатастың ашылуына қатысты.
Сыр өңірінің ардақты перзенті Ыбрагім Елекейұлы 1903 – 1926 жылдары өңіріміздегі білім беруді дамыту ісіне ерен үлес қосты.
Ыбрагім Елекейұлы 1918 жылы Қармақшы учаскелік халық ағарту комиссары, 1922 жылы Қармақшы аудандық атқару комитетнің тұңғыш төрағасы қызметтерін атқарған. Оған елдегі шаруашылық саласын қалыптастыруға және аштыққа ұшырағандарға көмек көрсетудегі сіңірген еңбегі үшін алғыс жарияланған.
Ы.Қасымов ұстаздық жолмен қатар, қоғамның саяси өміріне белсене араласқан ұлт жанашырының жаңа кезеңі Алаш қозғалысының мүшесі болуында еді. Алаш көсемдерімен иық тіресе қатар жүріп, олардың ұлттық идеясын халықтың санасына сіңіруде зор еңбек етті. Мысалы, 1917 жылы Орынбор қаласында өткен алғашқы сьезде делегат болып сайлануының өзі оның ел мүддесі жолындағы ұлттың үнін жеткізуіне бастама болатын.
Озық ойлы, өз ісіне шынайы берілген ұлтжанды азамат 1937 жылғы зобалаңда нақақ жала жабылып, репрессия құрбаны болды.