«АЛАШОРДА ТАРИХЫ: АҚТАҢДАҚТАН АҚИҚАТҚА»
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде Алашорда қозғалысының 100 жылдығына орай "Алашорда тарихы: ақтаңдақтан ақиқатқа" тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – Алаш арыстарының рухын жас ұрпаққа сіңдіру, еліміздің болашағы болып табылатын жастарға Алаш идеясын ұстанған ұлттық-демократиялық зиялылардың саяси қызметі мен ұлттық партия құру идеяларын дәріптеу және осы идеяларды бойларына сіңіре отырып ұлтжандылыққа тәрбиелеу болды.
Дөңгелек үстелге Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің оқытушысы, т.ғ.д, Дастан Сәтбай, республикалық "Әлімсақ" журналының бас редакторы Нұрлан Нұрмахан, №4 С.Сейфуллин атындағы орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Гүлнар Ерманова және ЖОО студенттері қатысты.
Шарада ХХ ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлерінің дербес Қазақ мемлекетін құру жолындағы еңбегі, еркіндік жолындағы күресі жайлы мәлімет берілді. Тарихшылар жастарға Алашорда автономиясының төрағасы Әлихан Бөкейхановтың, Әлімхан Ермеков, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев сияқты Алаш арыстарының атқарған істері туралы айтып, олардың ұлт тарихы жайлы танымын кеңейтті.