«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 100 ЖАҢА ЕСІМ»: РАЙХАН НАУКЕЕВ
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында жастардың үлгі алуына, заманауи Қазақстанның келбетін танытуға мүмкіндік беретін «100 жаңа есім» жобасының ІІ кезеңіне келесі үміткер қызылордалық Райхан Наукеев.
Ол дене тәрибиесінен дәріс беретін білікті маман. Оның шәкірттері республикалық қана емес халықаралық сайыстарда жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр.
Райхан Тәуекелұлы Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институтының дене шынықтыру факультетінде оқыған. 1984-1986 жылдары әскер қатарында болып, 1986 жылы 26 сәуірде Чернобль АЭС-нің апатына қатысқан. Р.Нәукеев 1988-1989 жылдары Арал ауданы, Қарақұм кеңшарындағы №59 қазақ орта мектебінде алғаш еңбек жолын бастаған Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының дене шынықтыру факультетінде оқытушы болып еңбек еткен. Жиырма жылдан бері №235 қазақ орта мектебінде дене тәрбиесі пәні мұғалімі болып қызмет атқарып келеді. Тәжірибелі ұстаз заман талабына сай оқытудың жаңа технологияларын тиімді пайдаланып, облыс көлемінде жоғары жетістіктерге жетіп жүр. Ол аймақтағы орта мектептерде ұлттық асық ату, тоғызқұмалақ, ләңгі тебу, батпан көтеру, аударыспақ сайыстарын ұйымдастыруда белсенділік танытып жүр.
2014 жылы Р.Нәукеев «Дене тәрбиесі құралдары арқылы адамгершілік қасиеттердің қалыптасуы» атты әдістемелік нұсқаулығын шығарды. Осы жылы Көкшетау қаласында өткен «Ең үздік дене шынықтыру пәнінің мұғалімі-2014» сайысында «Ұлттық ойынды дамыту» тақырыбында ашық сабақ өтіп, жүлделі 2-орынды иеленеді.
Р.Нәукеевтің шәкірттері жеңіл атлетика түрінен республика көлемінде жүлдегер атанып, мектеп абыройын асқақтатуда. Атап айтар болсақ, Азия ойындарының чемпионы А.Құлдас, халықаралық ойындар чемпионы Қ.Жалғас сынды шәкірттері жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Асық ату ұлттық ойынынан республикалық сайыстарда шәкірттері І.Өтетілеуов, Ә.Бақтияр жүлделі орындар алған. Райхан Тәуекелұлы ұлттық ойындарды белсенді насихаттаушы және түрлі деңгейдегі сайыстардың ұйымдастырушысы.
Ол ұстаздық еңбек жолындағы табыстары үшін ҚР Білім және ғылым министрінің «Құрмет» грамотасымен марапатталған.