«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 100 ЖАҢА ЕСІМ»: ЛӘЗЗАТ БАЙЖІГІТОВА
«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында жастардың үлгі алуына, заманауи Қазақстанның келбетін танытуға мүмкіндік беретін «100 жаңа есім» жобасы ұсынылған. Бұл жоба жайында Елбасы «Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек» деп ескерткен болатын. «Жаңа есім» жобасы өзінің батыры мен ақынын көрсеткісі келетін қалың жұртшылық тарапынан кең қолдау тауып, республикалық маңыздағы үздік тұлғалармен қатар, әрбір облыстың, әрбір ауданның, тіпті әрбір мектептің, ұжымның үздік жүз тұлғасын тізімдеп шығу бастамасы жиі көтерілуде.
Қызылорда облысынан аталған жобаға үміткерлердің қатарында Ыбырай Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша жоғары санатты мұғалімі Ләззат Байжігітова да бар.
Ол «Қазақ тілі пәнінен дидактикалық материалдар жинағы» әдістемелік оқу құралының, «Қазақ тілі пәнінде деңгейлеп саралап оқыту технологиясын қолданудың тиімділігі» бағдарламасының авторы.
Ширек ғасырға жуық ұстаздық еңбек жолында Ләззат Байжігітова республикалық, облыстық, қалалық байқаулардың, ғылыми жобаларға қатысып, әдістемелік семинарларда баяндамалар оқыған. Ол әр жылдары шәкірттерге саналы тәрбие, сапалы білім беруде, жастардың бәсекелік қабілетін арттыруда аянбай еңбек етіп келеді.
Ләззат Байжігітованың жетекшілігімен мектеп оқушылары түрлі республикалық, облыстық, қалалық сайыстарда жүлделі орындар алып, марапатталған. Атап айтар болсақ, А.Ишанбек, Н.Алпысбай, А.Тұраш қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша республикалық олимпиадада 2-орын алса, республикалық қашықтық олимпиадасында А.Ишанбек жүлделі 2-орын алған. Сондай-ақ Л.Байжігітованың ғылыми, әдістемелік мақалалары республикалық ғылыми-танымдық, педагогикалық журналдар мен аймақтық мерзімді басылымдарда жарық көрген.