Рухани жаңғыру бағытындағы маңызды ой-толғам
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы – ұлттың рухани жаңғыруына, болашақ ұрпақтың төл тарихты тануына бағытталған маңызы зор дүние.
Мыңдаған жылдар бұрын жауынгерлердің сауыт тоқып, атты әскер құрылымының жасақталуы, бес қаруы сақадай-сай ержүрек ұлттың өзге елдерге үстемдік етуі ұлы даладан бастау алғаны анық. Мәселен, атты қолға үйрету осыдан бес мың жыл бұрын біздің елде басталғанын археолог ғалымдар зерттеу жұмысы барысында дәлелдеді. Сондай-ақ, Сыр бойының өзінде 3 мыңнан астам сәукеленің, Есік қаласынан «Алтын адам» бейітінің табылуы, көшпенді халықтың кенді қорытып, алтын, мыс, қола секілді металдардан құрылымы күрделі бұйымдарды жасай алуы қазақ ұлтының мәдениеті, тарихы мыңдаған жылдар бұрын басталғанын дәлелдейді. Сәукелердің, әшекей бұйымдардың көп сақталуы қазақ қоғамындағы аналарға, қыз балаларға деген құрметтің жоғары болғанын байқататындай. Сондықтан бұл мақала ұлы өркениеттің мұрагері екенімізді еске салып, тарихты өскелең ұрпаққа, әлемге таныту мақсатында нақты міндеттер жүктейді.Әрине, бұл ой-толғам «Рухани жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы.
Мамыр Байдәулетов,
Айтыскер ақын, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жас ақындар үйірмесінің жетекшісі