САҒЫНЫШ САЗЫ ТЕРБЕЙДI
Өмір деген неткен жүйрік?! Асқар таудай әкемді жер қойнына бергелі де он бір жылдың жүзі ауыпты. Уақыт тегершігі ілгері жылжыған сайын, өзге жанның адами пендешілігіне куә болған сайын әкемнің асыл бейнесі асқақтап, әр сөзі, әр қимыл-әрекеті сағыныш болып оралады.
Ел шетіне жау тигенде көкем Балабай Оралбаев Қызылордадағы педучилищенің студенті екен. 1942 жылы әскер қатарына шақырылады. Самарқандағы кіші командирлер даярлайтын курсты тәмәмдаған бір топ жасқа ерекше тапсырма жүктеледі. Олар жауынгерлер мінген эшелонды белгіленген орынға жеткізіп, кері оралуға тиіс болатын-ды. Алайда, майдан даласындағы күтпеген шешім оны Қызыл Тулы Кутузов, Суворов және Богдан Хмельницкий орденді Черкасс артиллерия полкінің жауынгерлерімен бірге ұрысқа ендірді. Украинаның батыс бөлігі мен Молдавия, Румыния, Польша жерлерін басқыншы жаудан азат етуге қатысты.
Көкем өзінің бүкіл соғыс бойына зеңбірек оқтаушы болғанын, қинала жүріп соғыстың айла-тәсілдеріне машықтанғанын, артиллерияның барынша дәлдiк пен жылдамдықты қажет ететінін, өздерінің үнемі сол талап тұрғысынан шығуға міндетті екендіктерін айтатын еді. Бірде өзіне қару кезенген жау әскерінен жалтарып, оның ту сыртынан шыққаны, сөйтіп екі бірдей неміс солдатын тұтқындағаны, енді бірде Карпат тауының бір жотасында бекініп, келесі жотамен қашып бара жатқан немістің екі машинасын атқылағаны, үлкен шенді неміс офицері бастаған бес адамды жер жастандырғаны бар.
Жау кері шегініп, өз ұясына қарай жылжыған сайын қарсылығы да өрши түскен болатын. Польшаның Краков қаласын азат ету кезінде кескілескен ұрыс жүрді. Алға жылжу мұң, қаланың әр көшесі, әр үй бұрышы қорғаныс шебіне айналған. Зауыт трубасының түбіне бекінген жау мергені оқты қарша боратып, бас көтертпейді. Ұяны нысанаға алған алғашқы оқ зая кетті, одан кейінгілері діттеген жерге дәл тиіп, жаяу әскердің бас көтеруіне мұрсат берілді. Осы ұрыста “Ерлігі үшін” медалін, одан кейінгі ұрыстарда көрсеткен ерліктері үшін І дәрежелі Отан соғысы орденін иеленді.
Үш жылға созылған майдан даласын еске түсірген көкем үнемі өзінің көзімен көрген бір сұмдық оқиғаны айтатын-ды. Польшаның Майданек селосындағы концлагерьде онсыз да құр сүлдері қалған балалар мен кемпір-шалдарды атып кетіпті. Кеңес солдаттарының бойлары өлімге әбден үйреніп қалса дағы мына сұмдыққа жүректері шыдамады. Оларды жылап жүріп жерлегендері есінде. Одер өзенінен өткенде неміс әскерлерінің кескілескен қарсылығына тап болды. Жан беру оңай ма, олар өз жерінің әр пұшпағы үшін айқасты.
Майданда күтпеген жәйттер де кездеседі. Картадан жаңылысқан бұлардың полкі өзге деревнядан бір-ақ шықты. Взвод жауынгерлері түскен үйде жасөспірім қызымен жасамыс әйел тұрады екен. Неміс тілін білетін еврей жігіті Тротут олармен тілдесіп, жақын маңдағы үйде көп адамның жасырынғанын білді. Сталиннің неміс азаматтарына зорлық-зомбылық жасамау туралы бұйрығымен танысқаннан кейін барып олар маңайда тағы да 200-дей неміс солдатының жасырынғанын айтты. Сарайды қоршауға алған кеңес әскерлері олардың ұрыссыз берілуін талап етті. Солдат дегендерінің көпшілігі 15-16 жастағы жасөспірім болып шықты. Соғыс деген қандай ауыр, ел басындағылардың ойланбай жасаған оқыс қадамы қаншама жазықсыз жандардың қырылуына себепкер болып, бар ауыртпалық көкөрім жастардың мойнына түскені ғой. Аянышты-ақ. “Жауын аяған жаралы” дегенмен де жүрекке жүк түсіретіні анық.
Кеңес әскерлері неміс жеріне дендеп енген сайын тегеурінді қарсылыққа ұшырады. Олар мезгілсіз уақытта, ойламаған жерден шабуылға шығатын. Бірде таң қараңғысынан төтеннен шабуылдаған жау әскері бұларды едәуір тықсырып-ақ тастады. Дәл тиген неміс оғы зеңбіректерін істен шығарды, жауынгерлердің қатары да сиреп қалды. Ол аз болғандай бұлардың полкін және бір двизияны жау әскері қоршауға алды. Жан алып, жан беріскен екі күн өздеріне бітпестей көрінген. Қоршауды бұзып, кеңес әскерлеріне қосылғанда барып өздерінің екі күн бойы нәр татпағандарын, көз шырымын алмағандарын білді. Тағы бірде әншейінде едәуір алда болатын жаяу әскер өздеріне тым жақын жерде жүрді. Оңтайлы жерге әбден бекініп алған жау ілгері бастырмайды. Нысананы байқап атпаса өз әскерлеріне зиян келетіні ақиқат. Әр сәт, әр оқ санаулы. Алдан көрінген танк колоннасы от бүркіп қойып, ілгері жылжуда. Оларды атуға бұйрық берілді. Кескілескен ұрыс басталды, ию-қию, ысқырған снаряд даусынан құлақ тұнады. Жау танкісінің бірі отқа оранды, екіншісі өртенді, сосын үшіншісі істен шықты, төртіншісін көздеп жатқанын біледі, сосынғысы есінде жоқ. Кейін білді, бөлімшесі жау танктерін қиратып, алға жылжыпты, өзі ауыр жараланыпты. Осы ұрыста көрсеткен ерлігі үшін жауынгерлік Қызыл Ту орденіне ұсынылыпты. Оны әскери комиссариат бертінде, 1951 жылы табыс етті.
Ұлы Жеңіс хабарын әскери емханада естіді. Радиодан “Жеңіс! Біз жеңдік!” деген Левитанның даусын естіп, бірін-бірі құшақтап, құттықтап жатқан жаралы жауынгерлерге қарап тұрып егілген. Майдан даласында қыршынынан қиылған талай боздақтардың осы күнге жете алмай кеткеніне өкіне тұрып егілгені есінде. Ойлап қараса, Ұлы Жеңіске жол бастаған кеңес жауынгерлерінің жанқиярлық ерлігі мен өз Отанына деген шексіз сүйіспеншілігі еді. Бұл теңдесі жоқ Жеңіс сол қыршындардың қанымен келді, сондықтан ол қасиетті де қастерлі болуы әбден орынды.
Бейбіт өмірде қолынан келген жұмыстың бәрін атқарған көкем кезінде ферма да басқарды, партия ұйымының хатшысы да болды, совхоздың бас агрономы болып, астықтан, көкөніс, бақшадан мол өнім де жинады. Сауда саласының өркендеуіне де үлес қосты. Қайда жүрсе де, қандай қызметте болса да өзінің адалдығынан, жоғары жауапкершілігінен әсте ауытқыған емес. Абыройсыз да болмады. Өзгелер секілді дүние жиып, баюды да көздемеді. Оның бар байлығы өзінен және інісі Сатаннан өрбіген ұрпағы еді. Әрдайым солардың амандығын, тілеуін тілеп, бақыттарының баянды болуын жан жүрегімен қалайтын-ды.
Иә, соғыстың қанды сұрапыл жылдарын басынан өткеріп, одан кейінгі қатал саясаттың белді жауынгері болса да көкемнің жүрегі мейірімге толы-тын. Содан да болар біздің отбасында әке-шешесіз қалған балалар, мейірімге шөлдеген жандар жиі келетін. Нағашы атасын, одан жастай қалған үш жетімге жасаған қамқорлығын ел бертінге дейін әңгімелеп жүретін-ді. Оның бер жағында бірі шопан, бірі бақташы екі жақын ағамыздың шешелері, яғни көкемнің жеңгелері немерелерімен біздің үйде болатын.
Ол кезде біз ауыл орталығынан тысқары, Қосапан каналының бойында тұратынбыз. Көкем қыстың қыраулы күні мосқалдау келген үш ер, бір әйел кісіні ертіп келді. Тоңып та, ашығып та қалыпты. Алматыдан келген әртістер екен. Олардың қарсылығына қарамай мал да сойып тастады.
– Бәкеңе рахмет, концерт аяқталысымен бәрі кетіп қалды. Жаяу жүрген біз не істерімізді білмей тұрғанымызда көлік тауып, үйге шақырды. Азаматтық деп осыны айт, – деп іштеріндегі үлкен кісі ризашылығын білдіріп жатты. Ертеңіне сол кісілерді көрші ауылға жеткізіп, басшылыққа тапсырып келді. Осының өзі әкемнің үлкен жүректі жан екенінен хабардар етеді емес пе?
Қаталдығы да бар болатын. Жо-жоқ ол кісінің біреумен дауыс көтеріп ұрысқанын, әлдекімге қол жұмсағанын байқаған емеспін. Қабағымен ықтырып, көзқарасымен ұқтыратын-ды. Ол кісі отырғанда дастарханға келу тұрмақ, үйде барымызды білдірмеуші едік. Бірақ біз ештеңеден таршылық көрген емеспіз. Сол кездің өзінде үй айналасына көк жуа, қауын-қарбыз, картоп, асқабақ, сәбізбен қоса ауылға таңсық қырыққабат, қызанақ, қияр егіп, сиыр сауып, айран пісіп, молшылықта болушы ек.
Осы кезде ойлап қарасам, көкем бізді тек адалдыққа, шыншылдыққа тәрбиелеген екен. Өйткені, қай баласы да өтірік, өсек айтудан, әлдекімге қызметі үшін жалпақтаудан, біреуге жала жауып, пәле іздеуден ада. Содан да болар олар қарапайым ғана тірлік кешіп, адал жүріп, анық басқанды қалайды. Бәріміздің балаларымыз кезегі әрең жеткен балабақшадан қашып, ауылға, Айжамал анамыз бен Балабай әкеміздің бауырына тығылушы еді. Өмірге келген әр немере олар үшін байлық әрі бақыт еді. Көкем ұлыма “Бақытжан” деп есім бергенінде:
–Көке, әулетте Бақыттар баршылық емес пе? – дегенмін.
– Бұл өз әулетіне, өзіңе бақыт әкелер ұлан болар, қызым. Бақыттан асқан байлық жоқ, көпсінбе, – деген болатын.
Иә, көке, сіз ұрпағыңыз үшін мәңгі сағыныш, мәңгі биік әрі асқақ қалпыңызда қалдыңыз. Сіз өмір сүрген қара шаңырақ біз үшін киелі ордаға, ал рухыңыз бізді желеп-жебеп жүрер ақ қанатты періштеге айналды. Сіз біздің жүрегімізді сағынышпен тербетіп, ұрпағыңызбен жасай бересіз.
Жұмагүл БАЛАБАЙҚЫЗЫ,
Сырдария ауданы,
Аманкелді ауылы.