ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА КОММУНАЛДЫҚ ТӨЛЕМДЕРДІ ТЕРМИНАЛ АРҚЫЛЫ ТӨЛЕЙТІНДЕР САНЫ ЕДӘУІР АРТҚАН

Бұл туралы Қызылорда облыстық арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Анар Ізден Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен құрылған республикалық арнайы мониторингтік топтың облыстық топ мүшелерімен кездесуінде мәлімдеді.
Осы кезге дейін коммуналдық төлемдерге ақы төлеу бойынша бірыңғай төлем құжатын енгізу жұмыстары әрбір жылдары қолға алынғанмен, еш нәтиже бермеген. Тек арнайы мониторингтік топтың ұсыныс беріп, талап етуі негізінде ғана бұл мәселені шешу мүмкін болып отыр. Бүгінгі таңда электр энергиясы, жылу, ауызсу және тұрғын үйді ұстап тұру шығындары бір құжатқа енгізіліп, қала тұрғындарына тиімді болып отыр. Сонымен қатар коммуналдық төлемдерге интернет банкинг, терминалдар арқылы төлем жасау 2016 жылмен салыстырғанда 223488-ден 603078-ге артқан.
Сондай-ақ облыстық топ мемлекеттік органдар мен ұйымдар қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бойынша сыртқы талдау жұмысы атқарылуда. Былтыр 17 мемлекеттік орган мен ұйымдарда сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бойынша талдау жұмыстары жүргізіліп, 77 ұсыным берілген.