ЕМХАНАЛАРДА ТЕГІН ДӘРІЛЕРДІҢ БАР-ЖОҒЫН ОНЛАЙН ҚАДАҒАЛАУҒА БОЛАДЫ
«СҚ-Фармация» базасында емханаларда тегін дәрілердің бар-жоғы бойынша Бірыңғай электрондық анықтамалық әзірленуде. Бұл жоба Бірыңғай дистрибьютормен денсаулық сақтауды цифрландыру жөніндегі бағдарламаның шеңберінде әзірленіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат компанияның баспасөз қызметіне сілтемемен.
Анықтамалық пациенттерге дәрілік қамтамасыз ету бойынша барлық деректерді: медициналық ұйым қандай дәрі-дәрмектерге өтінім берді, дәрілер қашан және қандай көлемде жөнелтілді, ағымдағы сәтте олардың бар-жоғы, сондай-ақ препараттардың келесі жеткізілімінің мерзімдерін онлайн-режимде көруге мүмкіндік береді.
«СҚ-Фармация» ЖШС Ақпараттандыру басқармасының басшысы Нұрбол Жұмаділдәнің айтуынша, бұл жоба тегін медициналық көмектің мемлекет кепілдік берген көлемі шеңберінде дәрілік қамтамасыз ету үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етуге арналған.
«Пациенттер емхана қандай препараттарға тапсырыс бергенін көре алады. Бұдан басқа, олар дереу сол жерде өз дәрілерін алу үшін медициналық ұйымға қашан бару керек екенін реттеу үшін, дәрілердің келесі жеткізілімі қашан күтіліп отырғанын да көре алады. Айта кетейік, қазіргі уақытта дәрілердің бар-жоғы және медициналық ұйымдарға жеткізу мерзімдері жөнінде ақпарат алу үшін «СҚ-Фармацияда» байланыс орталығы ашылған, онда 8 (7172) 23 50 98 телефоны бойынша оператордан барлық ақпаратты алуға болады», - дейді Бірыңғай дистрибьютордың ақпараттандыру басқармасының басшысы.
Бұдан басқа, ақпараттандыру шеңберінде Бірыңғай дистрибьютор Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығымен бірлесіп, медициналық ұйымдар жұмыс істеуі тиіс ақпараттық жүйелерді - Дәрілік қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесін және Бірыңғай дистрибьютордың Бірыңғай фармацевтикалық ақпараттық жүйесін интеграциялау бойынша жұмыс жүргізуде. Жүйелердің шашыраңқылығы статистикалық есепке алуға да кедергі келтіріп, жұмысты да қиындатып келген еді, ал олардың әрбірінде жеке-жеке жұмыс істеу едәуір көп уақыт алатын.
«Сондай-ақ, ұйымның жоспарында Бірыңғай дистрибьютордың сатып алу рәсімдерін барынша ашық етуге мүмкіндік беретін сатып алудың электрондық форматына көшу, сондай-ақ Бірыңғай дистрибьютор мен медициналық ұйымдар арасында электрондық өзара іс-қимыл жасауға көшу бар. Жоба 1 мамырдан бастап екі аймақта - Қарағанды және Ақмола облыстарында пилоттық түрде іске қосылмақ, ал жыл соңына дейін бүкіл ел бойынша электрондық өзара іс-қимылға көшу жоспарланып отыр», - деді Нұрбол Жұмаділдә.