Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » СЫР ҚАУЫНЫ СҰРАНЫСТА

СЫР ҚАУЫНЫ СҰРАНЫСТА


    Қызылорданың бренді саналатын өнімнің бірі күріш болса, екіншісі – қауын. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Тіпті, әр қауынның өзіндік тарихы бар. Дәмі бал татитын, қыртысы қанттай бақша дақылының бүгінгі жағдайы қалай? Мамандар не дейді? Ғалымдар қандай пікірде?
    Сыр қауынының да аймақ даңқын талай жерге шығарғанын жұртшылық жақсы біледі. Облыста Мемлекет басшысының агроөнеркәсіптік кешен бойынша қойған тапсырмаларын Агрокартаға сәйкес іске асыру арқылы 2021 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 5 есеге дейін арттыру көзделген.
    Біздегі деректерде биылдан бастап облыстың экспорттық мүмкіндіктері қолға алынып, басқа мемлекеттерге шығаратын өнімдердің түрлері мен олардың көлемі ұлғайтылғаны айтылады. Осы ретте ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 48,3 пайызға өскенін айтып өту қажет. Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін сату нарығын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Көп жылдардан бері қордаланып келген бақшалық дақылдар экспорты да қолға алынды. Нәтижесінде, биылғы жылы оның көлемі 8 есеге дейін артты.
    Тікелей осы іспен шұғылданатын ғалымдар Сырдың қауынына сұраныс артып келе жатқанын айтады.
    – Байырғы сорттардың жоғалуы, тұқым шаруашылығының жүрмеуі, қауын дайындау пункттерінің жойылуы, экономикалық қызықтырмаушылығы бұл саланың кенжелеуіне әкеліп соқты. Қазіргі таңда аталған сала өз мүмкіндіктерін көрсете бастады. Қауын дақылы бойынша селекциялық жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде «Сырдария», «Ната», «Балшекер», «Ливера» секілді сорттары шығарылып, тұқымы қауын егетін шаруашылықтарға таратылуда. Сонымен қатар, «Қара Күлябі» және «Қалайсан» сорттарының таза тұқым линиясы қалыптастырылып, аймақта көптеп егілуге ықпал жасалынуда, – дейді Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары.
    Жұмыс жасалып жатыр. Нәтижесі де жаман емес. Бірақ, қауынды егіп сатылымға шығару бөлек те, оны күтіп-баптау басқа іс. Бұл ретте жермен сырласып, диқангершіліктің не екенін жан-тәнімен түйсінетін адамдар не дейді? Енді солардың пікіріне ойысайық.
    Ресми деректерде Сыр қауынының Ресейге экспортталып жатқаны айтылды. Өсірген өнімін шетелге сатылымға шығарғандардың бірі Жалағаш ауданының Жаңадария ауылындағы «Магро» фермерлік қожалығы болса, Аралдағы Ақбай ауылында да осы бір бақша дақылын өсірушілер қатары көбейіп келеді. Шиелілік Сәбит Құрманбекұлы құнарлы жерден бөлек кетпенмен жасалған шабындық та бал-шырын қауын өсіруге септігі тиетінін жеткізді. Асылы, «диқанның бейнеті – кетпеннің жүзінде» деген сөздің астары осында жатса керек.
    Иә, Сыр қауынына деген сұраныс артып келеді. Тіпті, оның таралу аймағы да кеңейіп отыр. Дегенмен, оны сол күйінше нарыққа шығара бермей, одан өнім өндірсек пайданың көлемі еселеп өсер еді. Қауыннан да көптеген азық жасауға болады. Одан жасалған қақ пен құртты жеген адам оның дәмін ешқашан ұмытпайды. Осы ретте «неге қауын өнімдерін шығаратын кәсіпорын ашпаймыз?» деген сауал туындайды. Көршілес Өзбекстандағы диқандар осындай өнімдерді қыстай сатып, қаражат етеді. Сонда бұл біздегі мамандардың қолынан келмей ме? Оның үстіне қазір технологияның дамыған заманы. Қауын өнімдерін өндіретін арнайы құрылғылар бар. Бұрынғыдай қауынды қолмен тіліп, алақанмен есу деген өткеннің еншісінде қалған. Қазіргі таңда біздің өнімдеріміз «Қазақстанда жасалған» деген белгімен әлемнің түкпір-түкпірін аралауда. Сыр қауынынан жасалған өнімдер осылай әлем елдері нарығына шығарылса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл бағыттағы жұмыстар осындай қарқынмен жалғасатын болса, алдағы уақытта диқан қауымы ала жаздай төккен маңдай тер мен кеткен еңбектің есесін еселеп қайтаратын болады.
    Азиз БАТЫРБЕКОВ.


06 қараша 2017 ж. 1 007 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области