Қазіргі қоғам әкеге зәру
Жол үстіндеміз. Әуе толқынында Нұрғиса ТІЛЕНДИЕВТІҢ «Әке туралы жыры» қалықтап тұр. Сөзі – Мұхтар ШАХАНОВТІКІ. Ыңылдай қосылып, үн шығарып қоямыз. «Щедевр» – деді ағам. «Шебері шебер-ақ. Бұл ән әкеге деген ұлы құрмет пен сырлы сағыныштан туған дүние ғой» – дедім мен. Содан не керек, әлгі ән әңгімені әке тақырыбына бұрды…
Әлқисса…
Қарағанды облысы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарманың аға прокуроры Айдана Құлбаеваның мәлімдеуінше, алиментті өндіріп алу бойынша жалпы 19050 іс қозғалған. Қамқоршылық және қорғаншылық органдарына осы тектес 264 шағым түскен. Ал, шағым түсірмегендердің де саны қаншама?! Дегенмен, алименттің әке бола алмайтыны анық ғой…
«Әке көрген оқ жонар», «Әкесі бардың жебесі тастан өтеді» деген халық тағылымынан туған нақыл сөздерді қайда қалдырдық біз?! «Жездең жақсы болса, әкеңдей қамқор» деген сөздің тонын айналдырып, «Әкенің жақындығы жездедей-ақ» деген керітартпалықты ілгері оздырып, неге көп айтып, қолданысқа беріп енгізіп алдық? Осы сөзді қоғам боп, ел боп қайталай берген соң, ердің бәсі кеміп, жүні қалай жығылмайды? «Сабай берсе, сайтан да өледінің» керін киіп, әке беделі құлдырап кеткенін білсек те, байқамағандай көзді жұмып қараймыз. Соның нәтижесінде ешкімнің көңілін қалдырмай, керек жерінде иіле салатындарға қатысты «жақсы жігіт», «жақсы адам» деген тіркестер айналымға әбден енді. Нағыз ер, азамат, «әй, еркек екен» деген мінезді тіркестер неге көп қолданыла бермейді деп ойлайсыз… Екінің бірі жақсы жігіт боладыау, нағыз еркектікке қайрат пен ақылдан бөлек, айбар керек. Әңгіме тағы да әке тәрбиесіне тіреледі…
«Әкең біледіні» қайда жібердік?
Теледидарды қоссам, әзіл сөздің шебері Тұрсынбек Қабатов көсіліп жатыр. Ден қойып тыңдадым. «Бұрын әкеміз жұмыстан келсе, аналарымыз балаларымызға шуламаңдар деп ескертетін. Ал, қазір әкелерге ескертеміз. Тиыш, бала ұйықтағалы жатыр» деп. Әзілі – астарлы. Оған «рас қой, енді» деп жата-жастана күлетіндер көп, турасын айтсақ, түгелге жуық езулері екі құлағына жетеді…
Бұл – теледидардағы сюжеттер. Ал, шынайылық былай: «Ақша бар ма?», «Қандай киім алсам екен?», «Өскенде кім боламын?», «Заттарым қайда?», «Демалыста қайда барамыз?», «Сабағыма көмектесші» деген мазмұндағы сауалдары аналарына бағытталып жатады. Әкелеріне «анам қайда?» деген бір ғана сұрақ қояды. Ал, әлеуметтік желілерде осы мәтіндерге сай сурет-бейне лер таралып жатады. Бұл – қазіргі жағдай. Шындық демей көріңіз…
Ауылдағы үлкен ағаларымыз айтып отыратын: «Әкеміздің қас-қабағына қарайтынбыз. Ол кісі көбіне ат үстінде. Сол кезде әкеміз айқайлап ықтырмаса да, ұрып-соқпаса да біз қатты қаймығып тұратынбыз» деп. Аналардың «әкең біледі», «әкең шешеді», «әкеңмен ақылдас», «әкең ренжиді», «әкең рұқсат бермейді» деп жиі айтуының өзі үлкен тәрбие. «Балаң патша болсын десең, әкесін хандай күт» деген тәмсіл бекер айтылмаған-ау, сірә.
«Ана тілі» оқулығындағы әке образы қайда?
«Абай жолы» романында әке Құнанбай мен бала Абай арасындағы қарым-қатынас шебер суреттеледі.
Бірде қарт Құнанбай баласы Абайды шақырып: «Балам, сен әкеңе жете туғансың ба, өте туғансың ба?» деп сұрайды. Сонда Абай: «Әке, мен өте туғанмын, өйткені, мен ақын болдым» деген екен. Аз ғана ойланған дана Құнанбай: «Жоқ, сен маған жете тудың. Өте туу үшін өзіңнен Абай секілді бала тудырып, тәрбиелей алуың керек» деп жауап қатқан деседі.
Сондай-ақ, есімін ел құрметтейтін батыр, ұлт мақтанышы Бауыржан Момышұлының ұлына айтқан ақыл-кеңестері қай әкеге де үлгі: «Уайымға салынудан алшақ бол. Арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін шешім қабылда. Тез шешім қабылда. Тәуекел түбі – жел қайық, жүзесің де өтесің, уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің», «Өсек айтылатын жерде болма, кездейсоқ болған жағдайда қосылма. Кесіп тастауға тырыс», «Көп тыңда. Аз сөйле. Сөзіңнің артынан ісіңмен үлгеруге жаныңды сал». Міне, осы секілді түйдектелген ойлар баланың бойына рух сіңіретіні сөзсіз.
Алмас Алматов «Қартаңбай сейіс» әңгімесінде былай дейді: Бірде әкем, бұзықтықтан апамнан таяқ жеп жылап отырған үстімнен түсіп:
– Балам, кім тиді? – деп, сұрады:
– Апам ұрды! – деп, шағымдандым:
– Балам! Алла «өзге шеше» мен «өгей шешенің» таяғынан сақтасын?! Өз шешеңнің алақаны «бал» ғой! – демесі бар ма… Не жыларымды, не күлерімді білмей қалдым. Осы сөзден кейін апам да қол көтермейтін болды. Әкеміз бір ауыз сөзімен анаға да, балаға да ескерту жасаған екен. Кейін анамыз: «Ойпырмай, сол сөз сүйегімнен өтіп кетті!» – деп отыратын…
Міне, тәрбие қайда жатыр? Салмақты сөзбен-ақ, балаға да, анаға да сабақ болар түйін айтқан. Баланы тәрбиелеу керек деп таяқтың астына алудың, я болмаса, зекіп сөйлеудің қажеті жоқ. Ақылмен, даналықпен тәрбиеленген бала парасатты болары даусыз.
Оқушы кезімізде әке образын «Ана тілі» оқулығындағы Ыбырай Алтынсариннің «Әке мен бала» әңгімесінен таныдық. Ондағы әке қандай еді?! Жерде елеусіз жатқан жарты тағаның өзімен-ақ біраз нәрсені түсіндірмеп пе еді баласына. Біріншіден, әкенің тау тұлғалы бейнесін көз алдымызға әкелсе, екіншіден, оқулыққа деген қызығушылықты тудыратын бірегей шығарма еді. Естуімізше, бастауыш сыныптағы «Ана тілі» оқулығын «Әдебиеттік оқуға» ауыстырған екен. Жә, бізді жаңа оқулықтың ішінде жоғарыдағы шығарманың жоқтығы қынжылтты. Сонда «Ана тіліндегі» әке образын қайда жіберген?!
Әке көрген алып та, шалып та жығады…
Әлеуметтік желіден тәлімі терең мына бір оқиға жайлы жазбаны көзім шалып қалған еді…
«Мейірімге шомылып, еркелікке бой алдыра бастаған баласының болашағына алаңдаған әке оны жанына шақырып алып: «Балам, бүгіннен бастап саған бір тиын бермеуге бел байладым. Маған өз маңдай теріңмен тапқан табысыңды алып келетін бол» десе керек. Ақсаусақ бала ары жүріп, бері жүріп, мардымды жұмыс таба алмай анасына келеді. Анасы азын-аулақ қаражат беріп, әкесіне табыстауға кеңес береді. Бала қуанып, әкесіне келеді. Әке ақшаны алады да лаулап жатқан отқа тастай салады, «жоқ, сен мұны өз еңбегіңмен тапқан жоқсың!» деп қабағын шытады. Бала шімірікпестен жөніне кете барады. Келесі жолы жары мен баласының қарым-қатынасына алаңдаған анасы тағы да жанашырлық танытып, ақша береді. Әкесі оны да ойланбастан отқа тастай салады. Бала бұл жолы да теріс бұрылып кетіп қалады. Арада біраз уақыт өтеді, баласының бейқамдығына әкенің қаһары ояна бастайды. Баланың қалтасында қаражаты таусылып, әбігерге түседі. Ақыры, қара жұмыс болса да істеуге бел буып, көрші ауылға кетеді. Бірнеше күннен кейін алғашқы табысын алып, қуанышы қойнына сыймай әкесіне келеді. Әкесі тағы да ақшаны алған бетте отқа тастайды. Сонда бала шыдай алмай, отқа түскен ақшаны өз қолымен суырып алады. Әкесі жымиып: «Еее, балам! Міне, сен мұны өзіңнің адал еңбегің мен таптың!» деп басынан сипаған екен».
«Балаңды аясаң – аяма!» деген сөз бар. Әкенің салқынқандылығы баланы шыңдайды, биікке талпындырып, намысқа жетелейді. Керісінше, «балам әлі жас», «оң-солын дұрыс танымайды» деп кері тартып, шаруадан тыю қателік екені анық. Бала ынжық, жасық болуы ықтимал. Сол себепті, балаға дүние табуды үйрету, еңбекке тәрбиелеу – әкенің құзырында. Мысалы, жылқышының баласы малдың жай-күйін толық білмесе де, бірқағары болатыны белгілі. Әйтеуір, шаруаға оң иығын беріп тұрады. Ал, қасапшының баласы малдың сыртынан-ақ, қанша қазы беретінін біледі, тіпті болмаса, сойылған малдың мүшесін (жамбас, жілігін, тағы басқаларын) айыра алады. «Әке көрген оқ жонар» деген сөз осыдан қалса керек.
Әке тәрбиесінің айқын көрінісі…
Қазақ «қонақ құтымен келеді», «қонақ он береке әкеліп, тоғызын сол үйге қалдырып кетеді» деп бекер айтпаса керек-ті. Қонағына құрмет көрсете алатын бала шаңырақтың іргесін сөкпейтіні, керісінше жоғын бүтіндей алатыны тағы шындық. Баланың көпшіл, қонақжай болып өскені жөн. Ұлына келген қонақтың қамын жасап, бабын табуды әкесі айтып, үйретуі керек. Сонда бала өзін сол үйдің егесі, әкесінен кейінгі баскөтерер азаматы ретінде сезіне бастайды. Қарапайым ғана «балам, қонақтың алдынан шық», «балам, қонақтарға құманмен су әкел», «балам, үлкен кісілердің киімін ал» деген сынды тәрбиеге үйрету арқылы ұлыңызды қазақылыққа, кішіпейілділікке, ұлттық құндылыққа баулисыз. Үлкеннің бата-тілегін алған баланың бойында адамгершілік, ізгілік қасиеттері қалыптасады. «Ат болатын тай саяққа үйір, адам болатын бала қонаққа үйір» деген халық даналығы осыдан қалғаны анық.
Қорыта айтсақ…
«WhatsApp» желісінде айтыскер ақын Дидар Қамиевтің әке туралы толғауы таралып жатты. Төрт минуттық бейнежазба. Жан-дүниеңді қозғап, жүрегіңді еріксіз тебірентер мазмұндағы туынды. «Дүниенің кигің келсе тәжін, ұлым, Қадірін үлкендердің қазір ұғын. Алланың разылығын ала алмайсың, Алмасаң ата-анаңның разылығын, Әкенің қай кезде де салмағы ауыр, Сондықтан, көп сөйлемей арлана біл. Астында төмпешіктің қиналады, Алғысын асқар таудың алмаған ұл». Міне, әкенің балаға өсиеті. Мен түйдек түскен тұстарын тере кеттім. Расымен, әкені асқар тауға теңейміз. Тауымыз шағылмасын десек, тағымыздағы әкені, өрге жүзейік десек, тағы да төріміздегі әкені құрмет тұтайық….
Қасымхан ҒАЛЫМ