КӘСІПКЕРЛЕР ҮШІН «QAMQOR» МОБИЛДІК ҚОСЫМШАСЫ ҚОЛАЙЛЫ
Кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу фактілерін болдырмау, бизнеске әкімшілік қысым көрсетуді азайту Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті қызметінің басым бағыттары болып табылады. Осы бағытта Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қызылорда облысы бойынша басқармасы бірқатар жұмыстар атқаруда. Прокурорлардың мәліметінше, аймақта барлық тексерулердің 5 пайызға азайғаны (5836-дан 5568-ге) байқалады. Оның ішінде, бақылаушы-қадағалаушы органдардың кәсіпкерлерге қатысты тексерулері 19 пайызға азайған (3126-дан 2524-ке). Бұл туралы Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қызылорда облысы бойынша басқармасы бастығының орынбасары Сәкен Ыдырыс хабарлады.
Әдеттегідей, кәсіпкерлерге қатысты тексерулердің басым бөлігін қоғамдық денсаулықты қорғау органдары жүргізген (922, барлық тексерулердің 37 пайызы), төтенше жағдайлар органдары 367, салық органдары 358 мәрте тексеру жүргізген.
Бұл ретте, 2406 тексерудің 1075-інде заңбұзушылық анықталды.
– Аумақта мемлекеттік бақылауша органдар қызметінің тиімді жақтарына қарамастан, олармен тексерулерді тағайындау мен жүргізу тәртібін реттейтін заңнамалар талаптары сақталмай, өрескел заңбұзушылықтар орын алуда, бұл өз кезегінде кәсіпкерлер қызметіне негізсіз араласу болып табылады, – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Басқарманың қадағалау қызметінің қорытындысымен тексерулерді тіркеу сатысында мемлекеттік органдардың 16 лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
– Ағымдағы жылы кәсіпкерлерге көмек ретінде «Qamqor» мобильдік қосымшасы әзірленіп, іске қосылды.
Аталған мобильдік қосымша бойынша қолданушының (кәсіпкердің) телефонына тексеру тағайындалған жағдайда «Сізге тексеру келеді» мәтінімен Push-хабарлама келіп түседі. Қосымшада тексеруге қатысатын тұлғалар, мерзімі, құқықтық негіздері, тексеру нысанасы туралы мәліметтер көрсетіледі.
Кәсіпкерлерге тексеру басталғанға дейін немесе тексеру барысында орын алған заңбұзушылықтар бойынша шағымын онлайн режимінде жіберуге мүмкіндік берілген.
Біздің қызметкерлермен азаматтарға қосымшаның мүмкіндіктерін кеңінен насихаттау мақсатында қоғамдық орындарда бейнероликтер көрсетіліп, жадынамалар мен буклеттер таратылды, – деді басқарма бастығының орынбасары.