Цифрлы технологиялар ауыл шаруашылығы саласында кеңінен қолданылуда
Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданына қарасты шалғай ауылдар «Электрондық үкімет» порталы арқылы қажетті мемлекеттік құжаттарына қол жеткізіп, шаруасын дөңгелетуде. Бұдан бөлек аудандық ауылшаруашылығы бөлімінде арнайы «Өзіне-өзі қызмет көрсету» кабинеті жұмыс жасап тұр. Мұнда серіктестік пен қожалық төрағалары сала мамандарынан кеңесін алып, өзінің «электронды қолтаңбасымен» өтінім бере алады. Жоғары жылдамдықты ғаламтор, компьютермен қамтамасыз етілген бөлме шаруа қауымға тиімді болып тұр.
«Жыл басынан бері «Өзіне-өзі қызмет көрсету» бөлмесінде «Электронды Үкімет» порталы арқылы 155 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, мемлекеттік корпорациямен 63 қызмет түрі көрсетілген. Бұл да болса, тұрғындар тарапынан белсенділік басым деген сөз. Шаруа қожалық иелері көбіне «Электронды Үкмет», «Ауыл шаруашылығы министрлігінің сайты», Elicense.kz порталын жиі пайдаланған. Сондай-ақ министрліктің ресми сайты жанынан Qoldau.kz Бизнеске арналған цифрлық платформасы да жұмыс жасап тұр. Бұл қосымшада шаруаға қажетті «Көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген дизель жанармай үлестіру», «Астық қолхаттарын ұстаушылардың мемлекеттік электрондық тізілімі», «Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану бойынша электрондық жоспарлар», «АӨК субьек-тілерінің электрондық картасы» сынды медиа-ресурстар орналасқан. Оның ішінде қажетті мемлекеттік құжатына электронды түрде өтінім бере алады», - дейді аудандық ауылшаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Серік Сейдуалиев.
Qoldau.kz қосымшасында сан түрлі қызмет түрлері де бар. Яғни, «Сақтандыру өнімдері», «Геоақпараттық портал», «Көліктің серіктік мониторингі», «Сауда алаңы», «Ауа райы қызметі», «Көлік логистикасы» секілді диқаншы қауым мен шаруа үшін қолжетімді ресурстар жасақталған. Түптеп келгенде, мұның бәрі ауылшаруашылығы саласына серпін беріп, электронды құжат айналымын оңтайландыруға мол мүмкіндік береді.