Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ЗИЯЛЫЛАРДЫ ЕЛ ИГІЛІНЕ ПАЙДАЛАНА АЛСАҚ

ЗИЯЛЫЛАРДЫ ЕЛ ИГІЛІНЕ ПАЙДАЛАНА АЛСАҚ


    Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елді әлемдік бәсекеге сай дамытудың жолы – сананы жаңғыртуда екенін атады. Иә, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдармалалық мақаласында ұлттық жаңғырудың, сана серпілісін, әдет-дағдыны кемелдендірудің жолы ұсынылды. Осы құндылықтарды жастардың бойына сіңіруде зиялы қауымның үлесі қомақты болмақ. Демек, парасат-пайымы биік, сезімі сергек азаматтарға артылар жүк ауыр.
    Бірақ, бүгінде өздерін зиялы санайтын 10-15 адам жиналған отырыстарда орынсыз мақтау-дәріптеулер, бірінікін екіншісі қайталап, соңы күлкі-әзілге айналып кететін жайдақ сөздің көптігі көңіл қалдырады.
    Ғұлама ғалым әл-Фараби зиялы азамат әлеуметтік ортада бойындағы кісілік қасиеттерімен, қоғамдағы адамгершілік, қайырым¬дылық, тұрақ¬тылық, ізгілік сынды рухани құндылықтарымен тұлғалық келбетін сақтай алады, дегенін оқығанмен, мән-мағынасына ден қоя алмай келеміз.
    Зиялы азамат қай ортада кімдермен отырса да, елдің болашағына негіз қалайтын ұрпақтың жадына жететіндей орамды ойлар, салмақты сөздер айтып, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелегені абзал.
    Адам ұғымында ежелден келе жатқан «Жалған дүние» деген қазақтың философиялық талдауында өмірдің мәні де сәні де жаныңды салып жинаған дүниеңде емес, адам жанына нәр беретін ойлы даналық сөздерімен бағаланады делінген.
    Біздің данагөй бабаларымыз академик болмаса да, артына өшпес мұра, парасатты ойлар қалдырып, ұрпақты ұлттық мұратпен тәрбиелеудің бағыт-бағдарын көрсете білді. Бірақ, аталы сөздің парқын түсіне алмай жүргеніміз шындық.
    Әрбір адамда шынайы, танымды білім болса ол өмір жолынан жаңылмай, адаспай, келеңсіздікке ұрынбай өз ұлтына бар адами қасиетін жұмсаумен өтер еді. Ал, адам бойындағы надандық пен кемшілік, тоғышарлық көбіне сауатсыздықтан, әділетсіздіктен, орынсыз әдепсіздіктен туындайды. Бұл келер ұрпаққа, елдің болашағына қолжетімді мүмкіндіктерге зиянды әсер ететінін ұмытпаған жөн.
    Демек, адамның дініне де, біліміне де, тіліне де қуат беріп демейтін білім мен көркем мінез екендігін түсініп, ұғыну, оны ортаға жеткізу зиялы адамдарға тән қасиет болуға тиіс. Біздің айтарымыз ортасына қадірлі, елдің аузында жүретін тұлғалар мен зиялы жандар бойында кемел ұғым, парасатты түсінік, көркем ой мен білім болғанда ғана Елбасының рухани жаңғыруы жүзеге асатыны белгелі.
    Данагөй Абай өзінің 38-і қара сөзінде «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, сонан қашпақ керек: Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық.
    Надандық – білімнің ғылымның жоқтығы, дүниеден ешнәрсені оларсыз біліп болмайды. Екіншіден – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны – талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік бәрі осыдан шығады» делінген.
    Ғұлама біздің ойымызша мемлекеттің экономикасын арттыруда, әлеуетін көтеруде ұлтымызды сақтап, ұрпақты жетілдіретін білім екендігін алға тартады. Рухани дамудың негізгі тарихты жете түсініп оқу, Отанды сую, осыларды келер ұрпаққа зиялы қауымның зерделеп жеткізуге күш-жігерін жұмсауы деп түсінеміз.
    Біздің түйіндеп айтатынымыз, ғұламалардың осындай тұшымды ойларын зиялы тұлғалармен бірлесіп мектеп оқушыларына жеткізу жолын қарастыру. Ол үшін аудан әкімінің ішкі саясат бөлімі, аудандық білім бөлімі, аудандық ардагерлер кеңесімен бірге бағдарлама жасап, айына бір рет жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізіп отырса артық болмас еді. Осылайша тоқығаны мол зиялыларды ел игілігіне пайдалану арқылы Елбасы мұратын жүзеге асыруға болатын еді.
    Мұзарап МАХМУТҰЛЫ,
    Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы.

12 желтоқсан 2017 ж. 596 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области