АРАЛДА «ПАЙҒАМБАРЛАР ПАДИШАСЫ» АТТЫ РУХАНИ ШАРА ӨТТІ
Екі дүниенің сәруәрі болған Алла тағаланың елшісі Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) дүниеге келген күні – Мәуліт мерекесін Арал ауданның халқы ерекше атап өтті. «Пайғамбарлар Падишасы» атты шарада ең алдымен аудан әкімінің орынбасары Мерей Мейірбеков сөз алып, аудан халқын осынау ұлық күнмен құттықтап, аудандағы рухани жетекшілік қызметті атқарып жүрген бірқатар азаматтарға алғыс хат табыстады.
Мұнан соң, аудандық орталық мешіттің бас имамы Съезбек Евилханұлы жиналған жамағатқа пайғамбардың өмір жолын, асыл дініміздің қасиетін тарқата айтып, ақжарма тілегін жеткізді.
"Дін - тәрбиенің діңгегі" демекші, мерекелік шарада мұсылман қауымына рухани азық болар хадистерден үзінділер оқылып, жақсы тілек-дұғалар айтылды. Әсіресе, аудандық оқушылар үйінің өнерпаздары шырқаған әндері мен жырлары жамағаттың жүрегіне жол тартып, иман нұрын ұялатар әсер қалдырды. Бұған қоса тәрибелік мәні бар Мұхаммед Пайғамбарымыз жайлы мадақ жыр оқылып, «Жетімдерді жебей жүр» тақырыбындағы сахналық қойылым да көрерменнің көңілінен шықты.
Кеш соңында Арал аудандық орталық мешітінің бас имамы С.Евилханұлы Мәуліт мерекесіне арналған шараға жиналған көпшілік қауымға Мұхаммед пайғамбардың өмірі жайлы «Адамзаттың асыл тәжі» атты кітапты сыйға тартты.