Парламент мәжілісінің депутаттары Қармақшы ауданына іссапармен келді
Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Тарас Хитуов пен Балайым Кесебаева арнайы жұмыс сапарымен Қармақшы ауданында болды.
Депутаттармен бірге аудан әкімінің міндетін атқарушы Әділ Қошалақов пен «Nur Otan» партиясы Қармақшы аудандық филилы төрағасының бірінші орынбасары Дастан Буханов бірқатар нысандарды аралады.
Мәжіліс депутаттары іссапар барысында Қармақшы аудандық Соттың және аудандық полиция бөлімінің жұмыс барысымен танысты.
Сонымен бірге аудан активімен кездесу өткізді. Кездесуге аудандық мәслихат депутаттары, мекеме басшылары, бірқатар бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Кездесу барысында депутаттар ең алдымен Парламент мәжілісінде атқарылып жатқан жұмыстарын, қабылданған заңдар мен алдағы уақытта депутаттардың назарына ұсынылатын заң жобалары жөнінде таныстырып өтті.
Кездесуде тұрғындар халық қалаулыларына сауалдарын қойып, ұсыныс пікірлерін жеткізді.