Қызылордада балабақша қызметкерлері сотталды
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті 2019 жылдың бірінші жартыжылдығын қорытындылады.
Аймақта экономикалық қылмыстың ауқымы азаймай тұр. Бюджет қаражатын жымқыру тіпті әлеуметтік салаға ауысты.
Айталық, жыл басынан бері мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқытудың «Балапан» бағдарламасы аясында балабақшаларда бюджет қаражатын жымқыруға қатысты 4 қылмыстық істің өндірісі аяқталды.
Сот үкімімен 2 балабақша меңгерушісі «алаяқтығы, яғни алдау арқылы немесе сенімді пайдалану жолымен басқаның мүлкін жымқырғаны» үшін (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190 бабы 3-бөлігі 1) тармағы) үш жылға бас бостандығынан айрылды. Олардың әрқайсысына алаяқтықпен иемденіп, бас пайдасына жаратқан 1 млн. 945 мың және 2 млн. 975 мың теңге көлеміндегі қаражатты бюджетке қайтару міндеттелді.
Мұнан басқа екі балабақша басшысына қатысты іс сот қаулысымен шектелді, яғни келтірілген зиян толық қалпына келтірілгендіктен өндірістен қысқартылды. Оның бірі мемлекетке келтірген 1 млн. 146 мың теңге, екіншісі 3 млн. 902 мың теңге қаражатты бюджетке қайтарған.
Бюджет қаражатын иемдену үшін бұл тұлғалар әр балаға ай сайын бюджеттен бөлінетін 24390 теңге көлеміндегі қаражатқа жалған құжат негіздеу әдісін пайдаланған. Яғни, балабақшаға келмеген балалардың тізімін жасап, білім бөліміне өткізіп отырған. Тіпті бір баланың балабақшаның бірнеше тобының тізімінде болу фактілері бар.
Қызылорда облысы бойынша ЭТД қызметкерлері 2018 жылы және 2019 жылдың 6 айында дәл осы «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бюджетке залал келтірудің 26 фактісін анықтаған. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 80 млн. теңгеден асып жығылды.