Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Күріштің отандық сорттары – тұрақты мол өнім кепілі

Күріштің отандық сорттары – тұрақты мол өнім кепілі

Kyzylorda-news.kz. Күріштен тұрақты мол өнім алуда сорттың және оның тұқым шаруашылығын жүргізудің маңызы өте зор. Сондықтан күріш өсіретін барлық елдерде жоғары өнімді, жарма сапасы жоғары, ауруларға және жергілікті жердің топырақ – климаттық жағдайларына бейімделген сорттарын шығарып, өндіріске енгізуге көп көңіл бөлінеді.

Үлкен көлемде күріш егетін Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде (Қытай, Үндістан, Жапония т.б.) күріштің жүздеген мың сорттары шығарылған. Ол сорттар сол елдердің ауа райы мен топырақ ерекшеліктері әртүрлі аймақтарына бейімділігі бойынша аудандастырылады. Сонымен қатар, әр елдердің күріштен түрлі ас әзірлеу дәстүріне байланысты жармасының қасиеттері әртүрлі сорттарға сұранысына сәйкес өсірілуі де мүмкін. Мысалы, Оңтүстік Шығыс Азия елдері көбіне күріштің «индика» түр тармағына жататын ұзын дәнді сорттарын егеді, ал Еуропа, Америка, ресей, Жапония елдері мен біздің елде «японика» түр тармағына жататын қысқа дәнді сорттардың үлес салмағы басым болып келеді.
Күріш әлемде жалпы екі түрлі әдіспен: көшеттеп өсіру және құрғаққа немесе суға дәндерін сеуіп өсіру әдістерін қолданып өсіріледі. Осыған байланысты аталған технологияларға бейімделген сорттар егілуі тиіс.
Қазіргі кезде жоғары өнімді шет елдік сорттарды жергілікті жағдайларға бейімдеп өндіріске енгізу (трасферт) мәселесі айтылып жүр. Әрине, бұл бағытты да теріске шығармай, біздің жерде жоғары өнім бере алатын сорттардың мүмкіндігін пайдалануға әбден болады. Алайда, селекциялық жұмыстар түрлі әдістерді, оның ішінде, негізінен, будандастыру әдісін пайдаланып ұзақ жылдар бойы жүргізіледі. Осы жылдары болашақ сорттар жергілікті жердің қолайсыз стрестік жағдайларында түрлі сыгақтан өтеді. Соның арқасында «жүзден жүйрік» секілді селекциялық питомниктерде 7-8 жыл зерттелген жүздеген үлгілердің ішінен ондаған үлгілер таңдап алынып, 2-3 жыл бойы конкурстық сынақтан өтеді. Бұл үлгілер перспективті сорттар ретінде тіркеліп, олардың сорттық технологиялары әзірленеді.
Сондықтан, біздің жерде экологиялық сынақтан өтпеген шет елдік сорттардың кейбір ауа-райы қолайсыз жылдары пісіп-жетілмей қалуы, немесе сиреп қалуы т.б. жағдайлардың әсерінен өнім бермей қалу қаупі бар. Мысалы, өткен жылы байқалған көктемгі қолайсыз ауа райы мен су тапшылығының салдарынан облыста көп көлемде егіліп жүрген Ресейдің Лидер сорты жекелеген шаруашылықтарда толық піспей қалды. Мұның өзі өнімнің күрт төмендеуіне әкеліп соқты. Ал жергілікті жерге әбден бейімделген Маржан сорты барлық жерде де жаман өнім берген жоқ.
Сол себепті, күріш өсіретін әрбір аймақта, әсіресе басқа жерлердің оның ішінде Ресейдің топырақ-климат ерекшеліктеріне ұқсамайтын Қызылорда облысында жаңа сорттар жергілікті жер жағдайында шығарылғаны абзал. Облыстың климаты күрт континентальды болып келеді, яғни ауа-райы күрт өзгеріп тұрады. Көктем мен күз айларында күн мен түннің температурасындағы айырмашылық өте көп, ал жаз айлары өте ыстық болады. Оның үстіне, облыстың күріштік жерлерінің топырақ тұздылығы жоғары болып келеді. Облыстық агроөнеркәсіп кешенін ғылыммен қамтамасыз ететін бірден-бір ғылыми мекеме – Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылымдары соңғы жылдары күріштің жаңа, жергілікті жерге бейімделген, жоғары өнімді Сыр Сұлуы және АйКерім сорттарын шығарып Мемлекеттік сортсынаққа берді және бұл сорттардың тұқымын жеделдетіп көбейтуде. Аталған сорттар «Мағжан и К», «Таң», «Агротехнология», «Ер Али» секілді шаруашылықтарда да өндірістік сынақтан өтуде.
Сыр Сұлуы сорты – 105-110 күнде ерте пісетін сорттарға жатады. Өсімдік биіктігі орташа 95-100 см шамасында, ал масағы салалы – 18-21 см дейін жетеді.
Бұл сорттың дәндері ірі болып келеді. Мысалы, дәнінің ірілігі орташа Лидер сортының 1000 дәнінің массасы 31-32 г. Болса, Сыр Сұлуы сортының бұл көрсеткіші 35-36 г. Құрайды. Жалпы жарма шығымы өте жоғары – 72-73 %, ал сорттық жармасы 62-64 %-ға жетеді.
Сыр Сұлуы сорты тұздылыққа және төмен температуралырға төзімді. Алғашқы өсу қарқыны жоғары болғандықтан өсімдік көгі біркелкі тез өсіп шығады. Сол себепті, бұл сорттың себу нормасын гектарына 200-230 кг-нан асырмай себуге болады.
Конкурстық сортсынақта сорттың өнімділігі 70-80 ц/га жетіп стандарттан 4-7 ц/га артық өнім берді. Сорт жоғары агрофонда жақсы өнім береді. Ең жоғарғы өніп-түптену фазасының басында және аяғында азот тыңайтқышымен үстеп қоректіндергенде алынды. Ең жақсы алғы дақыл-көп жылдың шөптердің (жоңышқа, түйежоңышқа) қыртысы, ең қолайлы суға бастыру мерзімі – 10-15 мамыр.
Сыр Сұлуы сортының айрықша ерекшеліктеріне – ұзын дәнділі, масағының дәнділігі мен дән сапасының және өсімдігінің бастапқы өсу қарқынының жоғарылығы жатады. Бұл сортты Қазақстанның күріш өсіретін барлық аймақтарында егуге болады.
АйКерім сорты – орташа мерзімде (110-115 күнде) пісетін жоғары өнімді сорттарға жатады.
Сорт өсімдіктің недәуір биіктігіне қарамастан жығылуға төзімді, ал масағы өте салалы, ұзындыңы 23-25 см дейін жетеді. Бір масақтағы дән саны 150-170 дана, ал 1000 дәнінің массасы 32-33 г, яғни ірілігі Маржан сорты дәндерімен шамалас болап келеді. Дәндерінің шыны түстілігі жоғары – 90-92%. Жалпы жарма шығымы 68-70%, ал ондағы бүтін ядросы 80-85% құрайды.
Сорт бастапқы өніп-өсі каезеңінде салқындық пен су қабатының тереңдігіне төзімді. Саңырауқұлақ аурулары мен тұздылыққа төзімді, төгілуге төзімділігі орташа. Сол себепті сортты ору мен бастыру аралығын созып алмау керек.
Конкурстық сынақтан өткен жылдары тұрақты мол өнім-гектарына 80-85 ц өнім берді.
АйКерім сорты минералды тыңайтқыштардың орташа және жоғары дозаларында, көпжылдық шөптердің қыртысы мен аударма қыртысында жоғары өнім береді.
Солтүстік және Орталық аймақтарда тұқымын сеуіп суға бастыруды 10 мамырға дейін, ал Қызылорда облысының Оңтүстік аймағы мен Түркістан облысында – 15 мамырға дейін аяқтаған дұрыс.
АйКерім сортын, негізінен, Орталық және Оңтүстік аймақтарда өсірген тиімді.
Қорыта айтқанда, жергілікті селекцияның Сыр Сұлуы мен АйКерім сорттарын ауа райының қолайсыз жағдайлары мен топырақ ерекшеліктеріне көп қауіптенбей облысымыздың барлық күріш өсіретін шаруашылықтарында егіп, тұрақты мол және сапалы өнім алуға толық мүмкіндік бар.

Құрманбек БӘКІРҰЛЫ,
Ауыл шарашылығы ғылымдарының докторы, Қазақ ауыл-шаруашылығы академиясының корресподент мүшесі.

Керімхан ЕГИЗБАЕВ,
Ғылыми-өндірістік «Агротехнология» шаруа қожалығының басшысы, селекционер-ғалым.
24 шілде 2019 ж. 1 444 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области