Жемқорлық бабымен сотталған бұрынғы вице-министр Суханбердиеваның ұлы қайтыс болды
Kyzylorda-news.kz. Бұрынғы білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваның кенже ұлы Ілияс қайтыс болды. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрінің бұрынғы кеңесшісі Майраш Тайкен Facebook желісіндегі парақшасында жазды.
"Достар, жазудың өзі қиын, бірақ Эльмира Амангелдіқызы Суханбердиеваның сүйікті әрі кенже ұлы Ілияс қайтыс болды... Бір өзі қаншама сыннан өтіп жатыр. Өмірдегі ең жаманы - жақындарыңды жоғалту, ал ол өз балаларың болса, оны қабылдау тіптен мүмкін емес... Иманды болсын, кішкентай періште... Мұндай жағдай болмас үшін, барлығымыз бір-бірімізге қарап, адамды қудалап, түрлі айла-амалдарды жасаудың қажеті жоқ", - деп жазды Білім және ғылым вице-министрінің бұрынғы кеңесшісі Майраш Тайкен.
"Чаттан көрдім. Онда барлығы көңіл айтып жатыр. Бұл жағдайдың мән-жайын білмеймін, Эльмира Амангелдіқызының көмекшісіне, әпкесіне хабарласып жатырмын, бірақ телефонды ешкім алмай жатыр. Маған бұрынғы вице-министр хабарласып, осы хабарды чаттан сағат түнгі 11-де көргенін айтты. Ол кезде телефоным сөндірулі болатын, жаңа ғана көрдім. Ең сүйікті ұлы еді", - деді Майраш Тайкенова кейіннен Tengrinews.kz тілшісіне.
Оның айтуынша, Суханбердиеваның ұлы ешқандай аурумен ауырмаған.
Айта кетейік, бұрын сотқа дейінгі тексеру барысында Эльмира Суханбердиеваға пара алды деген айып тағылған болатын.