Жас кәсіпкер сұранысқа ие кәсіппен айналысуда
Kyzylorda-news.kz. Қызылордада кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Әсіресе, соңғы уақытта кәсіпке иек артқандардың қатарында жастардың көп болуы қуантады. Қазіргі таңда жастар кәсіптің кез келген түрімен айналысып, оны игеріп әкетуде. Солардың бірі – Шиелі ауданы, Еңбекші ауылының тұрғыны, жас кәсіпкер Мұқағали Нәби.
Қызылордада құрылыс саласы қарқын алған уақытта жас кәсіпкер Мұқағали Нәби сұранысқа сай қызмет етуде. Ол мемлекеттің қолдауымен шлакоблок шығару бойынша шағын өндірісті қолға алған.
Кәсіпкер «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау және дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Қызылорда облысы кәсіпкерлерінің арасынан оқ бойы оза шығып, 540 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алған.
«Шлакоблок дайындауды жүзеге асыру аса шыдамдылықты, еңбекқорлықты, тиянақтылықты, әсіресе дәлдікт қажет етеді. Қаражатымызға сай құрылғыларын сатып алдым. Бүгінде күніне 500-ден аса шлакоблок шығарып жатырмыз. Бизнес жолына түскен соң әрине, жан-жақты білім қажет. Осы тұрғыда бизнес-кеңесші курсын оқып, сертификат алдым. Алдағы уақытта жоспар өте көп, – дейді жас кәсіпкер.
Шлакоблоктың құрамы цемент, қиыршық тас және судан тұрады. Соңғы уақытта нарықта үй салу жиіленіп кеткен соң, құрамындағы заттардың қолжетімділігіне және бағасының арзандығына байланысты сұранысқа ие болып тұр. Сондықтан өз ісін бастағанына аз уақыт болған кәсіпкердің тұтынушылары да пайда болып үлгерген. Ол өз өнімін аудан көлемінде сатуда.
Еңбекке жастайынан араласқан Мұқағали Нәби еңбекпен келген нанның тәтті екенін білемін дейді. Ол алдағы уақытта өз кәсібін кеңейтіп, шлакоблок өндіріс цехын ашып, осы кәсіп бойынша икемі бар, жігерлі жастарды жұмыспен қамтуды көздейді.