Қазалыда «Жанкент» фольклорлық ансамбль құрылды
Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданы Өркендеу ауылдық клубында «Мәдениеттің бастауы – клубтардан» атты аудандық семинар өтті.
ҚР тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында ауыл мәдениетін жандандыру мақсатында ұйымдастырылған шараға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қолдау көрсетті.
Мәдени басқосуға Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы директорының орынбасары Рая Ділімбетова қатысып, өнерпаздар шығармашылығын бағалады. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев пен Өркендеу ауылдық округінің әкімі Нәби Үргенішбай сала қызметкерлеріне шығармашылық өрлеу тіледі.
Семинар барысында ауылдық кітапхана қызметкері Несібелі Нұрадин Оғыз мемлекетінің Жанкент шаһарының тарихы жайында баяндады. Бұдан соң семинарға қатысушылар №104 орта мектебі мен №5 "Аққоян" балабақшасы дайындаған көрмені тамашалап, клуб жұмысымен танысты.
Сондай-ақ семинар кезінде «Жанкент» фольклорлық ансамблінің тұсауы кесіліп, көркемөнерпаздар өз өнерлерін ортаға салды.
Шығармашылық шарада Рая Ділімбетова мен Болат Жолтаев семинарды қорытындылап, бір қатар өнерпаздарды алғыс хаттармен марапаттады.