Жанкентте шетел ғалымдары зерттеу жұмыстарын жүргізуде
Kyzylorda-news.kz. Жанкент қалашығында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарының барысымен танысып, зерттеу жұмыстарын насихаттау мақсатында пресс-тур ұйымдастырылды.
Жанкент қалашығы – Қазалы ауданы, Жанкент ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 500 метрде орналасқан республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында облыстың жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енгізілген. 2019 жылы Жанкент қалашығында кешенді археологиялық және қайтажаңғырту шараларлы атқарылуда.
Пресс-тур барысында экспедиция жетекшісі Қорқыт ата атындағы ҚМУ жанындағы «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжекеев биылғы қазба маусымында жүргізілген жұмыстардың нәтижелерімен таныстырды.
«Биылғы жылы қалашықты туристік нысанға айналдыру мақсатында ауқымды қазбалар салынып, аршылған құрылыс нысандарын қалпына келтіру, сақтау жұмыстары да қолға алынды. Сонымен қатар, тамыз айынан бастап қыркүйек айы аралығында қазіргі уақытта Германияның Тюбенген университеті, Ресей Федерациясы Н.Миклухо-Маклай Антропология институты және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті арасындағы меморандум аясында Жанкент қаласында геомарфология, геофизика, топырақтану бағыты бойынша неміс, орыс ғалымдарымен бірлескен археологиялық зерттеулер жалғастырылып келеді», - дейді Әзілхат Тәжекеев.
Қазба жұмыстарымен қатар, қалашықтың шығыс қорғаныс қабырғасына ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан республикалық бюджет есебінен қайтажаңғырту шаралары да атқарылып келеді. «Қазреставрация» мекемесі қалашықтың шығыс қорғаныс қабырғасынының өзекті және құлау қаупінде тұрған жерлерін сақтау, бекіту, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде.