ТӘУЕЛСІЗДІК – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ
Қазалы ауданында Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Тәуелсіздік – тірегім» атты салтанатты жиын өтті. Шараға аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қатысып, үздіктерді марапаттады.
«Бұл – бабаларымыздың асқақ рухы алдында, жан алысып, жан беріскен аманаты алдында тағы бір тағзым ететін тарихи күн» - деп сөз бастаған аудан басшысы салалар бойынша оң көрсеткіштерді атап өтті.
Сонымен қатар, жаңғыру жолын таңдаған еліміздегі бастамаларға қатысты байламды пікірін білдірді. Елбасымыздың еркін елімізді жаңа белеске шығаратын жаңғыру идеясын барша жұрт болып қолдауға, ортақ істі жүзеге асыруда үлес қосуға шақырды.
Салтанатты жиын барысында аудан басшысы тәуелсіз еліміздің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды мемлекеттік наградалармен, облыс, аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады.
Салтанатты шара соңы мерекелік концертпен жалғасты.