Қызылордалық полицейлер 1000-ға жуық тұрғындарды жолда қабылдады
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы аумағында кезекті рет республикалық «Жолда қабылдау» акциясы өткізілді. Екі күн қатарынан өткізілген шара барысында полицейлер тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Екі күн бойы Халыққа қызмет көрсету орталығы, тіркеу-емтихан бөліністері, жол-техникалық бақылау және әкімшілік практика мамандары да жұмыс істеді. Шақырылған мамандардың барлығы өз салалары бойынша қандай да бір мәселемен келген азаматтардың сұрақтарына жан-жақты жауап беріп, кең көлемді кеңестер берді.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің дерегінше екі күнде облыс бойынша 1000-ға жуық тұрғындар мамандардан кеңес алды. Олардың көбісі құқықтық мәселелер бойынша жүгініп жатты.
Тұрғындар өз сауалдарын әлеуметтік желілер және «жедел желі» арқылы да жолдап жатты. Ел тұрғындарының мүддесін көздеп, көкейдегі мәселелерін кедергісіз шешуге мүмкіндік берген «Жолдағы қабылдау» акциясына өз құқықтары мен құқық қорғау органдарының жұмысына бей-жай қарамайтын азаматтар оң бағаларын берді.