МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА МАРАПАТ ИЕЛЕНДІ
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәжіліс залында ҚР Тәуелсіздігі күніне арналған салтанатты шара болып өтті. Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылған шарада Қызылорда облысы ТЖД бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Омар Бержанов ұжым қызметкерлерін, ардагерлерді мерекемен құттықтады.
Департамент бастығы қоғамдағы жаңғыру бағытындағы бастамалар жайлы да айтып өтті. Елбасы бастамасымен қолға алынған жаңғыру жұмыстарына сала қызметкерлерінің қосар үлесі көп болуы керектігін жеткізді.
Жиында Шиелі ауданы № 9 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Нұрлыбек Сәдібековке азаматтық қорғау лейтенанты шені, Қазалы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Еркін Жәкейге азаматтық қорғау капитаны кезекті шені табыс етілді. Сонымен қатар, Қармақшы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Болат Бисеновті салтанатты жағдайда зейнет демалысына шығарып салу рәсімі болды. Әріптестері оның ұзақ жылдар бойғы қызметіне алғыс білдіріп, ұжымның атынан естелік сыйлық табыс етті.
Салтанат соңында бір топ сала қызметкерлері ҚР ІІМ ТЖ Комитеті мен департаменттің Алғыс хаттарын, төсбелгілерін иеленді.
Айгүл НҰРМАНОВА,
Қызылорда облысы
Төтенше жағдайлар департаменті
Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы