Қазалы ауданындағы ауылда стадион салынып жатыр
Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданына қарасты Ақтан батыр ауылын абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Өткен жылы облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға орталық алаң мен саябақ пайдалануға берілді.
Аудан әкімі баспасөз қызметінің дерегінше саябақ ішінде орындықтар, кіші архитектуралық формалар, темір күрке, балаларға арналған ойын және спорт алаңқайлары орналасқан. Ал, концерттік бағдарламалар өтетін ашық сахна алаңында ауыл тұрғындары мен қонақтары талантты өнерпаздардың өнерін тамашалап жүр.
Елді мекенді абаттандыру жұмыстары биыл да жалғасын тауып, Ақтан батыр ауылынан 150 орындық стадион салынуда. Стадион құрылысын «Сыр маржаны» ЖШС жүргізуде. Бүгінгі таңда серіктестік жұмысшылары белгіленген жерді тегістеу, топырақ үю сияқты жұмыстарды аяқтады.
Жасанды футбол алаңында жыл он екі ай ала доптың қыр-сырын меңгеруге болады. Сондай-ақ, стадионда жүгіру жолағы мен волейбол ойнайтын алаң да салынады.
Айта кетейік, Ақтан батырдағы бұл стадион облыс көлеміндегі елді мекенде салынған екінші стадион. Ауылдық жердегі алғашқы стадион бұған дейін Нағи Ілиясов ауылында пайдалануға берілген болатын.