Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Қызылордада 10 жылдың ішінде жүрекке екі мыңнан аса күрделі ота жасалған

Қызылордада 10 жылдың ішінде жүрекке екі мыңнан аса күрделі ота жасалған

Kyzylorda-news.kz. Кардиологияда «алтын сағат» деген ұғым бар. Жүрек санаулы сәтте сыр бергенде дереу әрекет жасалатын құнды уақыт бұл. Ал, науқастар жедел жеткізілетін бірден-бір орын – облыстық кардиологиялық орталық. Ондағы білікті мамандардың еселі еңбегінің нәтижесінде жылына 200-ден астам адамға ашық ота жасалуда.

22-ші тамыз Жәмила Рамазановның екінші туған күні. Жетпістің желкенін керген кейуана «Коронарлы синдром» диагнозымен Қазалы ауданынан жедел ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер дер кезінде көмек көрсетіп, жүрекке ашық операция жасалды. Күрделі отадан соң өмірге қайта келгендей әсерде. Қазір денсаулығы қалыпты.
«Ұзақ уақыт бойы жүрегім ауырып келді. Операция күрделі болды. Қазір өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін. Мен 72 жастамын, алты баланың анасымын, немерелерім бар. Мен аймақтың барлық тұрғындарына күрделі ота жасауға басқа қалаға барудың қажеті жоқ екенін айтқым келеді. Облыстық кардиоорталықта кәсіби дәрігерлер жұмыс істейді. Оларға рахмет менің өмірімді сақтап қалды», - дейді зейнеткер Жәмила Рамазанова.
Расында қазір кардиологиялық ауруларға шалдыққан тұрғындарға басқа аймаққа сабылудың қажеті шамалы. Орталықтағы білікті мамандар 10 жыл ішінде екі мыңнан астам адамның жүрегіне ашық операция жасаған.

«Жалпы, жыл сайын облыстық кардиоорталықта 3 мыңға жуық ота жасалады, оның ішінде коронарография, стенттеу. Кардиологияда "алтын сағат"ұғымы бар. Ең тиімді деп инсульт немесе инфаркттің бірінші сағатындағы көмек саналады, себебі бұл емдеуде барынша елеулі нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді», - дейді кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Берік Дәуітбаев.
Жүрек хирургиясы – ең қымбат медициналық қызметтің бірі. Бір науқастың операциясына мемлекеттен 7 млн теңге қаржы бөлінеді. Жалпы, алдағы үш жыл ішінде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін қаржыландыруға 2,8 триллион теңгеден астам қаражат қаралмақ. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтқан-ды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылуымен дәрігерлер медициналық қызметтердің сапасы мен екі жақты жауапкершілік арта түседі дейді.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің негізгі қағидаты - мемлекеттің, жұмыс берушілердің және пациенттердің бірлескен жауапкершілігі. Әрбір азамат өз денсаулығы үшін жауапты болуы керек. Уақытылы скринингтен, тексеруден өтулері қажет. 2020 жылдан бастап КТ, МРТ, гормондық зерттеулер, ісік маркерлері сияқты қымбат зертханалық және диагностикалық зерттеулер барлық сақтандырылған азаматтар үшін, оның ішінде халықтың әлеуметтік әлсіз санаттары үшін ақысыз болатыны қуантады», - дейді кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Берік Дәуітбаев.
Осылайша жаңа жүйенің енгізілуімен медициналық қызметтің сапасы артып, тұрғындардың өмір сүру деңгейі жақсара түспек.
10 қыркүйек 2019 ж. 669 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области