Аудан басшысы «СКЗ-U» ЖШС зауытының жұмысымен танысты
Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданында орналасқан «СКЗ-U» ЖШС күкіртқышқылы зауыты заманауи технологиясымен ерекшеленетін кәсіпорын. Облыстағы инновациялық жобаларды жүзеге асыру барысында алғашқы қолға алынған игілікті шара деуге негіз бар.
Серпінді серіктестік аясындағы жобаны жапониялық – «Marubeni» және «ТЕРС» корпорациялары, канадалық – «UraniumOne» компаниясы қатысуымен «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық Атом компаниясы іске асырды. Ал, құрылыстың технологиялық жабдықтарын «Desmet Ballestra S.P.O.» (Италия) компаниясы құрған. Францияның «General Electric» компаниясы өндіретін энергогенераторлық қондырғыларды осы кәсіпорынның жабдықтаушы БК ЖШС «Союзкомплект» жүйелі жұмысты қалыптастырды.
Уран өндіруші кәсіпорынға қажетті сілті қышқылын өндірудің шикізаты – «Теңізшевройл» ЖШС алынатын кесек күкірті болып табылады. Еске сала кетерлігі – қондырғының негізгі өнімі шығарылған күкірт қышқылы (93%) салмақты Н2SO4.
Дайын өнімді (Н2SO4) тұтынушыға тиеп беруші «ЖаңақорғанТранзит» ЖШС автокөлікке тиеу-түсіру базасына дейін құбырмен жүзеге асырылады. Одан әрі «Қорасан-1», «Қорасан-2» кеніштеріне автокөлікпен және «Тау-кен» компаниясы ЖШС кәсіпорындары үшін теміржол көлігімен жеткізу қарастырылған. Зауыт жұмысының жан-жақтылығын дамыту үшін энергокомплексі сағатына 18 мегаватт электр қуатын өндіру де қоса атқарылады. Оның 10 мегаватын жергілікті Жаңақорған электр желісіне қосылуы қарастырылған.
Міне, әлемдік тәжірибеге сүйеніп, озық ғылым негізінде атқарылып жатқан жұмыс нәтижесін бере бастады. Аймақтың өндірісі мен әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосып отырған кәсіпорын өткен 2017 жылдың өнім өндіру жоспарын 500 мың тонна орнына 534 мың тонна етіп, 106 пайызға артығымен орындап шықты. Сондай-ақ, жыл ішінде 111 мың мегаватт электр қуатын өндірсе, оның 71,2 мың мегаваты жергілікті жердің пайдалануына жұмсалды. Әрине, бұл – мамандар мен жұмысшы қызметкерлердің жүйелі еңбек етуінің нәтижесі. Кәсіпорында мамандарымыздың жаңа технологияны игеруіне барынша мән беріліп, білім жетілдіру курстарына жіберіп отыру тұрақты жүргізіледі.
2017 жылдың соңында республикалық «Парыз» байқауына қатысып, зауыт ұжымы бірінші орынды жеңіп алды. Мұнда жаңа технологияны игерумен қатар еңбек қауіпсіздігін дұрыс сақтай білу нәтижелерінің қорытындысымен осы көрсеткішке қол жеткізді.
Қазіргі таңда бұл жерде 270 адам жұмыс істейді.
Сонымен қатар, кәсіпорын маңындағы Кейден ауылының аяқсуы, мектеп оқушыларына демеушілік жасау, басқа да әлеуметтік шаралардың өтуіне көмектесуді естен шығармайды.
Екі сағат бойы зауыттың жұмысымен танысқан аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлы Мақашов зауыт ұжымына сәттілік тіледі.