«ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ҰЙЫМЫ»: «ҚЫЗЫЛҚҰМ» ЖШС
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Жомарт жүрек» байқауына елдің түкпір-түкпірінен қатысып бақ сынасқандар көп. Сыр елінде де өткізілген байқауда өз туған жерінің гүлденуіне атсалысып, оның дамуына сүбелі үлес қосып жүрген жандар елеусіз қалмады. Туған өлкенің көркеюіне көмек көрсетіп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға игі іс атқарып келе жатқандар ел ықыласына бөленіп, мәртебе биігінен көрінді.
Аталған байқауда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданынан «Жылдың үздік ұйымы» номинациясына «Қызылқұм» ЖШС ие болды.
«Қызылқұм» ЖШС тек Сыр өңіріне ғана емес, сондай-ақ елімізге танымал серіктестік. 2005 жылдың мамыр айында құрылған кәсіпорын уран өндіру ісімен айналысады. Серіктестік 2008 жылдан бастап аймақтағы "Солтүстік Харасан" кен орнының Хорасан-1 учаскесінде жер асты ұңғыма әдісімен уран өндіруде.
«Қызылқұм» ЖШС құрылтайшылары «Қазатомөнеркәсіп «Ұлттық атом компаниясы» АҚ, жапондық энергетикалық компаниялар консорциумы «Energy Asia (BVI) Limited» компаниясы, «Uranium One» компаниясының еншілес ұйымы «UrAsia London Limited» компаниясы.
Кәсіпорын бүгінде әлеуметтік маңызы бар жобаларды тиімді жүзеге асырып, қоғамдық маңызы бар іс-шараларға бас демеушілік көмек көрсетеді. Жыл сайынғы дәстүр бойынша елімізде өткізілетін «Мектепке жол» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясына «Қызылқұм» ЖШС де белсенді қатысады. Мұндай қайырымдылық шаралары кәсіпорын үшін әлеуметтік жауапкершілік сезіну болып табылады. Сондықтан да «Қызылқұм» ЖШС басшылығы республикалық акцияға да, өзге де қайырымдылықтарға өз үлесін қосып, демеушілік жасауда.