ИДЕЯДАН ПРОТОТИПКЕ ДЕЙІН
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында HackDay идеялар фестивалі өткен болатын.
Елбасы бастамасы аясында ұйымдастырылған шараның ұйымдастырушылары мен жеңімпаздары Өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясын өткізді.
"HackDay-дің ұйымдастырушысы Қызылорда облысының әкімдігі. Бұл өңірімізде жобалық басқару аясында өткізіліп жатқан алғашқы шара. Мұнда 24 сағат ішінде қатысушылар жаңа идеяларымен бөліседі. Басты мақсат - ең қызықты жобаны құру, жаңа тәжірибе мен басты жүлдені жеңу! HackDay-ға қатысу - бұл қуатты шығармашылық ортада топты жинау, сонымен қатар қызықты жобаларды ұсыну, оны жүзеге асыру боп табылады. Бұл шараға 100 бала қатысады деп ойлағанбыз. Алайда, бірінші күні-ақ, 488 жас тіркелді. 2-ші күні 407 топ қатысты. Ақпараттық технологиялар, Кино және видео, Контент және медиа секция бойынша сайысқа түсті," - деді электронды әкімдікті дамыту және мемлекеттік қызметтердің мониторинг бөлімінің басшысы Ақжігітова Индира.
Идеялар көп. Енді оны кәсіпкерлерге ұсынып, қолдау көрсетіледі. Мәселен, Қорқыт ата атындағы ҚМУ студенттері мен №3 гимназияның оқушыларынан құрылған команда газ анализаторын ойлап тапқан. Үйден газ иісі шықса, ұялы телефонға хабарлама түседі, сол арқылы қауіптің алдын алуға болады. Ал, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары смарт-палата жобасын ұсынған. Ол мүмкіндігі шектеулі жандарға таптырмас құрылғы. Смартфонға қондырылған басқару жүйесі арқылы науқастың ауруын нақтылай алады, емін белгілеп, ескертіп отырады.