Жаңақорған ауданында мыңдаған шақырым жолдар мен көшелер жөнделді
Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 451,4 шақырымды құрайды. Оның 101 шақырымы республикалық, 164,8-і облыстық, 185,6-сы аудандық маңыздағы жол санатына жатады.
Осы үш бағыттағы жолдың бәрін қоса есептегенде индикаторлық көрсеткіш 77,9 процентті құрады. Аталған жолдар мен ауылішілік жолдарға соңғы 6 жылда 3,1 млрд. теңге қаржы қаралған болатын. Оның ішінде аудандық маңыздағы «Самара-Шымкент-Аққұм» жолының 12 шақырымына қиыршық тас төселді. Енді асфальттау жұмысын жүргізу керек. Жалпы соңғы жылдары 22,6 шақырым жолға күрделі, 87,9 шақырым автомобиль жолдары мен ауылішілік жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын дамытудың 2018-2020 жылдарға арналған «Жол картасы» іс-шарасында аудандық маңызы бар 5 автомобиль жолдарына күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Осы жоспарға сәйкес, бағдарлама аясында облыстық бюджеттен 1 млрд 227,3 млн. теңге қаржы бөлініп, нәтижесінде 25,5 шақырымы жөнделіп, пайдалануға берілген.
Сонымен қатар «Самара-Шымкент-Шалқия» автомобиль жолына 2016-2019 жылға облыстық бюджеттен 974,8 млрд. теңге бөлініп, 11 шақырымы күрделі жөндеуден өткен.
Аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Бірлік» жолының 3 шақырымын орташа жөндеу жұмысына 46 млн. 400 мың теңге жұмсалса, Кейден ауылына кіре беріс 7 шақырымына 121 млн. 300 мың, Келінтөбе айналма жолының 3,5 шақырымын жөндеуге 84 млн, Сунақата ауылындағы Сығанақ көшесінің 1,2 шақырым жолын жөндеуге 33 млн. 600 мың теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Монтаж жұмыстарын «УАД» ЖШС-і жүргізгенін де айта кеткен жөн.
2018 жылы жер қабатын тегістеу, топырақ төсеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 20 млн. теңге бөлінген еді. 2019 жылға жобаны жалғастыруға тағы 1 млрд. 296,3 млн. теңге бөлініп, 18 шақырым жол жөнделді. Бүгінгі күні осы қаржының 1 млрд 9 млн теңгесі толығымен игерілген. Қалған қаржы алдағы жылы шешіледі деп жоспарлануда.
Сондай-ақ автомобиль жодары бойындағы көпірлер де күн тәртібінде тұр. Олар – «Самара-Шымкент-Екпінді», «Самара-Шымкент-Қосүйеңкі», Ақжол ауылына кіре беріс жердегі көпірлер. Аудандық бюджеттен 2018 жылы аталған көпірлерге жоба-сметалық құжаттамасын дайындауға қаржы бөлініп оң нәтиже тапқан. Жалпы құны 257 млн 553 мың теңге көлемінде қаржы жұмсалатын бұл көпірлерге бюджеттік өтінім дайындалуда.
Бүгінгі таңда ауданда барлығы 574,15 шақырымды құрайтын 532 ауылішілік көше бар. Осы көшелердің 221,17 шақырымы яғни 38,5 пайызы асфальтталған болса, қалғандарында қиыршық тастар мен топырақ төселген.
Осы мәселе бойынша, ағымдағы жылы аудандық бюджеттен 180 млн. 047 мың теңге бөлініп 9,6 шақырымына жөндеу жүргізілді. Алайда қалған көшелерге облыстық бюджеттен 690,5 млн теңгеге өтінім жасалғанымен қолдау таппай келеді. Осы қажетті қаржының қарастырылуына ықпал жасалса, проблемалық мәселелер оң шешімін тауып, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарар еді.