Қорқыттың даналық сөздері үш тілде жарық көрді
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бастамасымен «Қорқыт атаның даналық сөздері» атты кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрді.
Кітапты құрастырушы және жоба авторы осы орталық қызметкері, белгілі түркітанушы, филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Қосан.
Үш мың дана таралыммен «Тұмар» баспасынан жарық көрген туындыдағы мәтіндердің қазақ тіліндегі нұсқасы профессор Б.Ысқақовтың аудармасы негізінде әзірленіп, аздаған түзетулер енгізіліпті. Ал орыс тіліндегі мәтініне 1965 жылы «Книга моего деда Коркута» деген атаумен жарық көрген академик В.В.Бартольдтің аудармасы негіз болып отыр. Дүние тылсымын қобыз сарынынан іздеген баба нақылының орыс, ағылшын тіліндегі нұсқалары Ұлттық аударма бюросы мамандарының көмегімен әзірленді.
«Жалпы Қорқыт ата күллі түркіге ортақ болғанымен оның туған топырағы, өмір сүрген ортасы, мәңгілік мекен тапқан жері осы Сыр өңірі. Бұған осы бағытта көп еңбектенген академик В.Жирмунскийдің «Сырдария жағасында Қорқытты құрметтеудің мың жылдық өнегесі бар» деген сөзінен асқан дәлелдің қажеті де жоқ шығар. Сондықтан да Елбасы бастамашы болған «Рухани жаңғыру» бастамасы аясында баба мұрасы арқылы халықтың философиялық дүниетанымын кеңейте түсу мақсатында осы істі қолға алдық, – дейді жоба авторы.
Бастамамызды бірден қолдап әкеткен ел азаматтарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Соның арқасында идея игілікті іске айналып, кітап оқырмандар қолына тигелі тұр.
Ғалымның айтуынша, кітап мәтіні Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Орталық ғылыми кітапханасының сирек қоры мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында сақталған материалдар негізінде және 1999 жылы жарық көрген «Қорқыт ата энциклопедиясында» жарық көрген нұсқалар негізінде дайындалған.
Жинақта ұлы даладағы ұзандар көшін бастаған Қорқыт тұлғасына байланысты түркітанушы ғалымдардың құнды ой-пікірлері де беріліп отыр.
Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы жыл соңына дейін аймақтағы сакральды мұралар жайлы кітап пен Сыр сүлейі Тұрмағамбеттің бұрын еш жерде жарияланбаған жырларынан жинақ шығаруды жоспарлап отыр.