Қызылордалық полицейлер кәсіби-қызметтік даярлығын жетілдіруде
Kyzylorda-news.kz. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Полицейлер жұмысының тиімділігі полиция қызметінің беделді болуына байланысты» деп атап өтті. Алдағы жылдары ішкі істер органдарының жұмысын жүйелендіре түсуге қомақты қаржы бөлінетінін де жеткізді. Бұл бағытта Қызылорда облысында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Мемлекет басшысы атап өткен басымдықтарды іске асыруда Қызылорда облысы Полиция департаментінің арнайы және жұмылдыру даярлық басқармасы да өз үлесін қоспақ. Аталған басқарма 2016 жылдан бастап жұмыс істейді. Ішкі істер құрылымын күшейтіп, қызметкерлердің кәсіби құзыреттілігін арттыру бағытында құрылған басқарманың басты мақсаты – полиция қызметкерлерінің оң имиджін қалыптастыру.
Құрылым әрбір қызметкердің дене шынықтыру дайындығын пысықтап, табельдік және арнайы құралдарды өз деңгейінде пайдалана білуін, қызметкерлердің экстремалдық жағдайдағы іс әрекетін үйретуді қамтамасыз етеді.
Полиция қызметкерлерінің біліктілігін арттыру –ішкі істер органдары қызметін жетілдіру және қылмыспен күресте тиімділікті арттырудағы маңызды қадам. Бүгінде Арнайы және жұмылдыру даярлық басқармасымен қызметкерлердің кәсіби деңгейін жоғарылату бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Басқарма бастығы, полиция подполковнигі Балдақов Маратбек Ізбасарұлының айтуынша, ІІМ-нің нұсқауларына және департамент бастығының бұйрығына сәйкес, жыл бойында жеке құрам қызметкерлеріне 5-күндік оқу-әдістемелік жиындар өткізілді. Құқық қорғау қызметі – үлкен жауапкершілік пен ыждағаттылықты талап етеді. Қазіргі таңда әрбір полиция қызметкері кәсіби бі¬лімін терең игеруден бөлек, шыныққан және моральдық-психологиялық тұрғыда табанды, төзімді болуы тиіс. Соны¬мен қатар қазіргі заманғы «қыл¬мыстық әлемнің» деңгейін ес¬кере отырып, полиция озық ақ¬¬-параттық-коммуникациялық тех¬нологияларды меңгеруі және өз жұмысында оларды пайдалана білгені жөн. Басқарма тарапынан жүргізілген оқу-әдістемелік шараларда жеке қауіпсіздік мәселесі, жауынгерлік күрес тәсілдері, құқық бұзушыларды құрықтаудың тактикалық тәсілдері, қысылтаяң жағдайда дұрыс шешім қабылдаудың жолдары жан-жақты түсіндіріледі. Қоғам болған соң, заңбұзушылықтардың орын алатыны белгілі. Әсіресе жаппай митингтер, көтерілістер бейбіт өмірдің шырқын бұзар басқосулар бола қалған жағдайда, тәртіпсіздіктер күшейген шақта қандай іс-қимыл жасаудың тиімді тетіктері де қызметкерлерге тиісінше айтылып, кәсіби, тәжірибелік мүмкіндіктері ескеріледі.
Полиция қызметкерінің міндеті – заңдылықтың сақталуын қадағалау, қылмыстың алдын алу. Тәртіп үшін заңнан мәртебелі ештеңе жоқ. Сондықтан, әр тәртіп сақшысының бойынан адалдық пен кәсіби біліктілік табылуы тиіс. Оқу әдістемелік жиындары міне осы мақсатты көздейді. Әрбір полицейдің бойына ыждағаттылық, шеберлік, біліктілік, физикалық ептілік сынды қасиеттерді тоғыстыруды көздейді. Оқу әдістемелік шараларына қылмыскерлермен және құқық бұзушылармен күнделікті бетпе-бет кездесіп жүрген бірінші кезекте сыртқы сала қызметкерлері шақырылады. Олар - патрульдік полиция, учаскелік полиция, криминалды полиция және басқа да бөліністердің қызметкерлері.
Облыстық полиция департаментінің Арнайы және жұмылдыру даярлық басқармасы бекітілген оқу кестесіне сәйкес, бірқатар міндеттерді іске асырады. Оқу әдістемелік жиын барысында полиция қызметкерлерінің арнайы тактикалық даярлығы, атыс даярлығы, дене шынықтыру даярлығы, медициналық және психологиялық дайындықтары сыналады. Ішкі істер органы қызметкерінің осы мүмкіндіктері шыңдалып, біліктілігі арттырылады. Осы оқу курстарына департаменттің барлық сала басшылары қатыстырылады, ол дегеніміз шынайы деңгейде тек қызметкерлердің ғана емес олардың басшылығының да кәсіби деңгейін көтереді.
Полиция қызметкері — халықтың қорғаны дейміз. Сондықтан тәртіп сақшылары қызмет бабында салғырттық танытпауы тиіс. Әділеттілік, қызметке адалдық, жауапкершілік, кәсіби біліктілік пен адамгершілік қасиеттер – әрбір полиция қызметкері ұстанымының темірқазығына айналуы шарт.