1 қазан: Атаулы күндер мен оқиғалар
Жыл сайын қазан айының бірінші дүйсенбісі күні әлемнің көптеген елдерінде Халықаралық дәрігерлер күні атап өтіледі. Аталмыш мейрамды ұйымдастыру бастамасын көтерген - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және «Шекарасыз дәрігерлер» халықаралық медициналық гуманитарлық ұйымы.
Халықаралық қарттар күні
БҰҰ Бас Ассамблеясының 1990 жылғы 15 желтоқсандағы қарары негізінде жыл сайын атап өтіледі. Қазақстан Республикасының Конституциясында қарт адамдардың жалпы азаматтық және арнайы құқықтары мен мүдделері, оның ішінде жасы бойынша әлеуметтік қамсыздандыру кепілдіктері бекітілген. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының жіктеуіне сәйкес, қарт адамдарға 60 пен 74 жас, кәрілерге 75-89 жас аралығындағылар, ал ұзақ жасаушыларға жасы 90-нан асқандар кіреді.
1718 жылы Семей қаласының іргетасы қаланды. Ол І Петрдің шығыс аймақтағы жерлерді қорғау туралы әйгілі жарлығына және Ертіс өңірі бекіністерінің салына бастауына байланысты болған, бұлардың құрылысы 1714 жылдан 1720 жылдарға дейін созылды.
1922 жылы Көкшетау-Бурабай темір жол учаскесі пайдалануға берілді.
1945 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Самарқан елді мекені Қарағанды қаласы аймағынан шығарылып, атауы Теміртау қаласы болып өзгерді. Бастапқыда жиырма мың тұрғыны, бір ауруханасы, екі мектебі және жиырма мың шаршы метр тұрғын үйі болды. Сол жылдардан бастап қаладағы өнеркәсіптің дамуы қарқындап, одақтас республикалардың барлығынан адамдар келе бастады. 1950 жылдары тұрғындар саны екі есе өсті. Қазір Теміртау қаласында болат, электр және жылу энергиясы, сірке қышқылы, синтетикалық каучук, кокс, минералды тыңайтқыштар, цемент, т.б. өнімдер өндіріледі. Теміртау 1971 жылы Қазақстан қалаларының ең алды болып, халық шаруашылығын және ауыр индустрияны дамытудағы еңбектері үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Бүгінгі таңда Теміртау - индустриялық Қарағанды қаласының сыңары, Қазақстан қара металлургиясының орталығы.
1996 жылы Алматыда алғаш рет «Айналайын» халықаралық балалар шығармашылығы фестивалі өтті. Ұйымдастырушысы - «Бөбек» балалар қоры.
1998 жылы Астанада алғаш рет жас таланттардың «Шабыт» республикалық фестивалі өтті.