Департамент басшысы аудан тұрғындарымен кездесті
Kyzylorda-news.kz. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Н.Талқанбаев «Nur Otan» партиясының Жалағаш аудандық филиалында жеке қабылдау өткізді.
Департамент басшысының қабылдауына келген М.Шәменов ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы мемлекеттік қызметті өткеру мәселелеріне байланысты сұрақтарын қойса, «Ақмаржан» бөбекжай-балабақшасының қызметкері мектепке дейінгі ұйымдарға балаларды қабылдау барысында тиісті мекемелерден алынатын анықтамаларға қатысты ой-пікірін білдірді. Бұл сауалдарға жауап берген Н.Талқанбаев мемлекеттік қызмет көрсету азаматтарға тиімді әрі қолжетімді болуы керектігін тағы бір еске салды.
Қабылдау соңында департамент басшысы тұрғындардың шағымдарына байланысты заңды шешімдер қабылданатынын жеткізді. Сонымен бірге ол кент тұрғыны, жалғызбасты ана, зейнеткер Г.Опабекованың үйінде болды. Зейнеткер денсаулығына байланысты шағым білдіріп, өтінішін жеткізді. Оның шағымына сәйкес тиісті шешімдер қабылданып, қаржылай материалдық көмек көрсетілді.
Мұнан соң Н.Талқанбаев Еңбек ауылы тұрғындарымен кездесіп, Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттерді түсіндірді.
Жиын соңында ауыл тұрғындары өз ұсыныс-пікірлерін айтып, сауалдарына жауап алды.