Қазақстанда пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы өзгереді
Kyzylorda-news.kz. Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, заң жобасы келесі негізгі мәселелерді шешуге бағытталған, яғни «Бір үй - бір бірлестік - бір шот» қағидасы бойынша «мүлік иелерінің бірлестігі» коммерциялық емес ұйымның жаңа нысанын құру арқылы басқару органдарының қызметін реттеу. Ұсынылған принцип әр үйді басқарудың жеке тәсілін қарастырады. Мүлік иелерінің әрбір бірлестігі өздерінің ағымдағы және жинақтаушы шоттарын ашатын болады. Аталған шара пәтер иелері кооперативтері және басқарушы компаниялар тарапынан қызметтер мен тарифтердің тұрғындарға жүктелмеуін және қаржыларының ашық жұмсалуын қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, тұрғындарға басқару тәсілін, яғни өздерінің басқару органдары немесе басқарушылық компаниялар арқылы таңдау құқығын жасауға мүмкіндік береді. Басқарушылық компаниялар келісімшарт негізде тартылатын болады.
«Бұдан бөлек, кондоминиум нысанының ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізудің жаңа тетігін енгізу ескерілген. Бұл тұрғындарға қаражаттың түсуін және мақсатты жұмсалуын бақылау арқылы өздерінің үйіне ғана күрделі жөндеуге қаражат жинауға мүмкіндік береді. Күрделі жөндеу жүргізуге қаражат жинақтау және жеңілдетілген қарыз алу механизмі әзірленді», - деді ол.
Бұл схемаға жергілікті атқарушы органдар да қатысады, олар басқару органының өтініші бойынша күрделі жөндеу жүргізу қажеттілігі туралы шешім қабылдайды, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді ұйымдастырады, техникалық тексеру және энергия аудитін жүргізеді.
Сонымен қатар, басқару органдары қызметінің ашықтығын арттыру бағытында заң жобасында барлық қатысушылар үшін бизнес-процестердің ашықтығын қамтамасыз ететін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының ақпараттық жүйесін құру көзделген.