Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫНДАҒЫ ЖАРҚЫН БАСТАМАЛАР

ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫНДАҒЫ ЖАРҚЫН БАСТАМАЛАР


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты тарихи еңбегі елімізде үлкен рухани серпіліс туғызғаны уақыт ақиқаты. Өйткені, Ұлт Көшбасшысының идеясы ұлтымыздың тұтастығы мен мемлекетіміздің жарқын болашағына бағытталған құнды құжатқа айналып, барша қоғамға тың серпіліс әкеліп, үлкен деңгейде оң қоғамдық пікір қалыптастырды. Аталған мақалада тағылымы мол тарихымызды зерделеуге, төлтума мәдениетімізді қолдауға қатысты нақты міндеттер атап көрсетілді. Қоғамдық сананы қазіргі заман талабына сай жаңғырту, еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге күш салатыны, аймақтардың экономикалық әлеуеті халқымыздың бай тарихын әрі рухани мұрасын дәріптеуге зор мүмкіндік бермек. Рухани жаңғыру ұлттық маңызы бар жобаға айналды. Осыған орай, Сырдария ауданында Елбасы негіз салған бағдарлама аясында ауқымды шаралар атқарылуда.
Ауданда бағдарламаның басым бағыттарын ілгерілету, насихаттау және түсіндіру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру мақсатында аудан әкімінің өкімімен ақпараттық-насихаттық топ құрылып, іс-шара жоспары бекітілді. Желілік кес¬те арқылы тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Мақала жарияланғалы бері аудан тұрғындарының қатысуымен мекемелер мен кәсіпорындарда, шаруашылық және ұжымдық ұйымдарда талқылаулар өткізілді. Бұдан бөлек, аға буын өкілдері және жастардың ұйымдастыруымен түрлі шаралар халықтық сипатқа ие болды. Кездесулерде мақаладан туындайтын міндеттер түсіндіріліп, бірлікті, тұрақтылықты сақтауға атсалысуға шақырып, ұлттық құндылықтарды ұлықтау насихатталды.
Ауданда  «Рухани жаңғыру» бағдарламасының төрт кіші бағдарламасын ілгерілету және үйлестіру бойынша аудандық жұмысшы және сарапшылар тобы құрылды. Сондай-ақ, «100 жаңа есім» жобасы аясында әр салада қызмет атқарып, ел тәуелсіздігінің тұсында жетістікке жеткен тұлғаларды айқындау жөніндегі жұмысшы топ құрылып, жобаға нақты есімдер ұсынылды.  
Елбасы мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында қыркүйек айының соңында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру және діни сана» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған шараға елімізге белгілі ғылым докторлары, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары қатысып, келелі ойларын ортаға салды.
«Туған жер» бағдарламасының «Туған жерге тағзым» акциясы аясында сырдариялық кәсіпкерлердің қолдауымен бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Атап айтсақ, Тереңөзек кенті орталығындағы саябақта орналасқан ескі мешіт ғима-ратына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аудандық тарихи-өлкетану музейінің қосымша ғимараты ретінде теңгеріміне берілді. «Құрметті азаматтар» аллеясы мен «Еңбек даңқы» музейіне аудандық бюджеттен 24 млн, демеушілерден 8,5 млн теңге жұмсалды.
Мәселен, «Еңбек даңқы» мұражайында Сырдария ауданының тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктері, ауданнан шыққан қоғам қайраткерлері мен ардагерлердің, түрлі салада жетістікке жеткен үздік қызметкерлердің өмірбаяндары бейнеленген. Ал, ауданның «Құрметті азаматтарының» аллеясы тақтасына, саналы ғұмырын ауданның дамуына, өсіп-өркендеуіне үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлері, Кеңес Одағының батырлары, Ұлы Отан соғысының, Ауған соғысының, тыл және еңбек ардагерлерінің, Еңбек ерлерінің, Батыр аналарымыздың, өнер қайраткерлері мен сұлу сөзден күмбез қалаған ақын-жазу-шы¬ла¬ры¬мыздың есімдері жазылды. Аудан бойынша тақтаға 99 «Құрметті азаматтың» тізімі жазылып, «Сырдария ауданының құрметті азаматы төсбелгісінің» белгісі қойылды.
Жергілікті кәсіпкер, «Ақжарма және К» ШҚ төрағасы Қайрат Нұрсейітов Ақжарма ауылдық округіндегі ауылдық пошта бөлімшесі ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарына 13 млн теңге қаржы бөлді. Жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Елім деген азаматтың бірі – «Шаған-Жер» ЖШС төрағасы Бердібек Қадыров Шаған ауылындағы тарихи-өлкетану музейі құрылысына 7 млн теңге қаржы бөлді. Қазіргі таңда жоба бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Жалпы, 2015 жылдан бастап аудан орталығынан «Әлеуметтік дүкен» ашылып, кент орталығындағы 154 әлеуметтік аз қамта¬масыз етілген отбасындағы 771 адамды азық-түліктің 5 түрімен нарықтағы бағадан 30  пайыз жеңілдікпен, ал 7 және одан да көп балалары бар отбасыларын 50 пайыздық жеңілдікпен қамтамасыз етіп келеді. Осындай игілікті іске «Туған жерге тағзым» акциясы шеңберінде аудан кәсіпкерлері қолдау білдірді. Аудан әкімінің бастамасымен ашылған «Әлеуметтік дүкеннің» жұмысы елжанды азаматтардың демеушілігінің, қолдауының негізінде бүгінгі күнге дейін жалғасуда.  
«Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасын іске асыру бағытында аудан мектептерінде тиісті жұмыстар атқарылды.
«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» – табысты ел болуымыздың, ұлттық идеологиялық бағытымыздың кепілі. Ұлттық дамуымыздың негізгі тірегі – ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебие¬тімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту мақсатында «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында ауданда ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласында туған жердің қадірін біліп, ондағы алып та заңғар тұлғаларды жастарға үлгі етуді, олардың ерен еңбектерін насихаттауды жүктеді.
«Туған жер» бағдарламасы аясында аудандық мұражай қызметкерлері жаңа «Еңбек даңқы» музейіне экспонат жинақтау мақсатында «Жаңа музейге – жаңа жәдігер!» атты жобасын ұйымдастырды.    
Аудан кітапханалары бойынша «Рухани жаңғыру – ұлттың жаңғыруы», «Рухани жаңғыру – Қазақстанның үшінші жаңғыруының негізі», «Рухани жаңғыру – біздің дамуымыздың басты қағидасы», «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары», «Жаһандағы заманауи Қазақстандық мәдениет», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жүз есім – жүз жарқын ғұмырнамасы», «Сырға жаңа серпін берген жобалар», «Туған жерім – құт мекенім», «Сыр елі – рухани жаңғыру бастауы», «Тарихы терең Сыр елі»,  «Тарихымен түлеген өңір», «Өлке тарихы – ұрпақ мұрасы», «Мен өскен өлке тарихы», «Жастар оқитын 100 кітап» тақырыбында кең көлемді кітап көрмелері жасалып, насихатталуда.
Қазіргі таңда Сырдария ауданы кітапханалары бойынша «Цифрлы Қазақстан», «Электронды кітапхана» бағдарламасы аясында РАБИС бағдарламасының 5 модулі бойынша аудандық кітапхана, ал филиал кітапханалары 3 модулімен жұмыс жасап келеді.
Ағымдағы жылдың шілде айында ұлттық құндылықтарды сақтау, дәріптеу, өскелең ұр¬паққа насихаттау бағыты бойынша және аудандық ардагерлер кеңесінің құрылғанына 30 жыл толуына орай 80 жастағы 13 ардагерге Ақжарма ауылдық клубында «Еңбектері ерен, өмірлері өнеге» атты кеш өткізілді. Шара барысында сый-құрмет көрсетіліп, жиналған көпшілік спорттық сайыстар, мерекелік концерттік бағдарлама мен аудандық музей қорындағы құнды экспонаттар және этноауыл көрмесін тамашалады.
Елбасы мақаласы аясында Жетікөл ауылдық клубында облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығы мамандарының қатысуымен дәстүрлі халық әндерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Жырдан шашу шашайын» атты аудандық дәстүрлі әнші-термешілер байқауында ұмыт бола бастаған халық әндері орындалып, көпшілік көңілінен шықты.
Қалжан ахун ауылдық клубында Қалжан ахун Бөлекбайұлының 155 жылдығы аясында «Ізгіліктің нұрын сепкен – Ахун баба» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылды.  
Елбасы: «Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен анықталады» деген болатын. Ғасырлар бойы жиналған құнды қазынамыз бен ұлттық мұрамызды зерттеп, бағыт-бағдарларын саралап, оны еліміз бен халықаралық деңгейде насихаттап, таныту бағытында мақаланың «Тарихи-мәдени мұра» кіші бағдарламасы біршама жұмыстар атқарылды.
«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі Заңын және одан туындайтын Ережелерді басшылыққа ала отырып, тарихи-мәдени мұра нысандарының зерттелуін, анықталуын, оларды есепке алуын, сақталуын, пайдалануын, насихатталуын және қалпына келтіру шараларын жүзеге асырады. Сырдария ауданы бойынша 48 ескерткіштің 4-нің республикалық маңызы бар. Олар Мүлкалан мазары (ХVІ ғ.), Сырлытам кесенесі (ХІІІ ғ.), Асанас қалашығы (VІІІ –ХІХ ғ.ғ.), Қожан қожа мазары (ХVІІІ ғ.). Және жергілікті маңызы бар 15 және 29 алдын ала тізімге алынған тарихи-мәдени мұралар бар. 48 ескерткіштің 15-і  археологиялық ескерткіш, 33-і қала  құрылысы және сәулет болып  бөлінеді.
Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 18 сәуір күні аудан орталығындағы №131 орта мектептің 9-сынып оқушыларының қатысуымен Сыр бойында өмір сүрген түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы Қорқыт ата ескерткішіне, 28 наурызда облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қатысуымен ашылған Алаш қозғалысының қайраткері, Түркістан өлкесі халықтарының ұлт-азаттық күресі жетекшілерінің бірі Мұстафа Шоқай бюстіне барып, сонымен қатар облыстық тарихи-өлкетану музейі және басқа да тарихи орындармен танысты.
Қазан айында Сырдария ауданынан Қалжан ахун мешіт-медресесі, Іңкәрдария ауылында орналасқан Мүлкалан мазарын «ҚР Президентінің Телерадиокешені» КЕАҚ «Туған жер» ғылыми-көпшілік деректі фильмдер топтамасы бойынша түсірілім жұмыстары жүргізілді.
«Киелі жерлердің географиясы» жобасына Сырдария ауданы бойынша Айдарлы ауылында орналасқан Асанас қалашығы, Қожан қожа мазары, Асанас мазары, Сүнбибі кесенесі, Іңкәрдария ауылында орналасқан Мүлкалан кесенесі, Қалжан ахун ауылында орналасқан Қалжан ахун мешіт-медресесі, Қоғалыкөл ауылында орналасқан Құлболды ишан кесенесі ұсынылды. Елбасы мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру бойынша тиісті жұмыстар жалғасын табатын болады.
Президенттің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында, негізгі назарды қазақстандықтардың рухани саласы мен санасын үздіксіз үдерістер арқылы жаңғыртуға аударады. Ұлт Көшбасшысы қойған негізгі міндет, осы бағдарламаны жүзеге асыру барысында негізгі рольде – жастарды бөліп қарастыру. Мақалада аталған міндеттердің бәрі дерлік жастар алдында тұрған міндеттер. Тіл үйрену, қабілетті болу, ел үшін тер төгу. Елбасының бұған дейін де «Қазақстанның болашағы – жастардың қолында» деген сөзі де әлі ықпалын жоғалтқан жоқ. Тіпті бұл ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын табатын дана сөз болып қалары анық.
Елбасы «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгілікке қалуға тиіс» деген болатын. Сондықтан кейінгі ұрпақ бабалар тарихын жадына тоқып өссе, біз ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпаймыз. Рухани жаңғырудың басты мақсаты да осы.

26 желтоқсан 2017 ж. 1 757 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области