15 қазан: Атаулы күндер мен оқиғалар
Бүкіләлемдік ауыл әйелдері күні
Аталмыш күнді атап өту идеясы 1995 жылы Бейжіңде өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының 4- әйелдер конференциясында ұсынылды және сол жылдан бастап атап өтіледі. Ауыл әйелдері жер шары тұрғындарының 25 пайыздан астамын құрайды және азық-түлік өнімдерін өндіруде, сондай-ақ ауылдық жерлердің дамуына, тұрақтылығына көп септігін тигізеді. Дегенмен, олар өмірлік маңызы зор білім, несие сияқты қызмет түрлерін алуға мүмкіндіктері аз. әлемде 500 миллион ауыл әйелі кедейлік шегінде өмір сүреді.
1961 жылы Целиноград қаласында (қазіргі Астана) Тың игерушілер сарайының құрылысы басталып, 1963 жылы аяқталды.
1999 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында қазақ батырлары Қарасай мен Ағыбайға мемориалдық кешен орнатылды.
1999 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданындағы Тұрар Рысқұлов атындағы ауылда Мұхаммед Қайдар Дулатиға ескерткіш орнатылды.
2003 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстанда алғаш рет билік, үкіметтік емес ұйымдар және бизнестің өзара ынтымақтастығына шақырған І Азаматтық форум өтті.
2005 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі БҰҰ-ның 60 жылдығына орай 100 теңгелік мерекелік ақшаны айналымға шығарды. Ол Қазақстан теңге сарайында жасалған. 100 теңгелік мерекелік күміс ақшаның диаметрі - 24,5 мм, қалыңдығы - 1,9 мм. Ал, салмағы - 6,45 грамды құрайды. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына 1992 жылы 2 наурызда 46-сессияда мүше болып қабылданған болатын. Біріккен Ұлттар Ұйымы күні жыл сайын 24 қазанда ресми түрде аталып өтеді.