Қармақшыда сотталған азаматқа кәсібін ашу үшін 2 млн 500 мың теңге несие берілді
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр.
Соның бір дәлелі – Қармақшы аудандық пробация қызметі мен аудандық жұмыспен қамту бөлімі пробация есебіндегі жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бір айлық «Кәсіпкерлік негіздері» курсын 3 сотталған азаматты тегін оқытты.
Бір айлық курсты аяқтап, сертификат алған С. есімді азаматқа жаңадан бастаған кәсіпті қолдау мақсатында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 500 000 шағын несие берілді. Жеке кәсібін мал бордақылау цехын ашудан бастаған азамат Қармақшы ауданында кәсібін дөңгелетіп отыр. Қазіргі таңда бір мезетте бірнеше бас малды бордақылыап, бағып отыр.
«Біз сияқты аяғын шалыс басқан азаматтарға мемлекеттің беріп отырған осы мүмкіндігін уақыт жоғалтпай тиімді пайдаланып, «Бастау Бизнес» жобасын тегін оқып сертификат алдым. Несие алу үшін бизнес-жобамды, басқа да қажетті құжаттарды тапсырдым. Бизнес-жобам мақұлданып, 2 500 000 шағын несие берілді. Бізді қоғамнан сотталған деп бөлмей, осыншама көмек беріп жатқан мемлекетімізге, Президентімізге рахмет», – деді пробация есебінде тұрған С. есімді азамат.
Ал, сертификат алған 2 сотталған азамат өз кәсібін ашу мақсатында несие алу үшін тиісті құжаттар дайындау үстінде.