Талдықорғанның ломбардын тонаған қызылордалық ұсталды
Kyzylorda-news.kz. Алматы облысының полиция қызметкерлері Талдықорғандағы ломбардқа қарақшылық шабуыл жасаған күдіктілердің бірін ұстады. Күдікті бірнеше ай бойына халықаралық іздеуде болған, деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Талдықорған қаласындағы автоломбардқа осы жылдың шілде айында атыс қаруымен қаруланып, бетперде киген 4 қаскөй баса-көктеп кіріп, жұмысшыларды байлап, 8 млн теңгені ұрлап кеткен. Талдықорған қаласының полиция қызметкерлері облыстық полиция департаментінің ізкесушілерімен бірлесіп, бұл қылмыстың бетін тез ашты.
«Барлық күдіктілер анықталып, бес күн ішінде үшеуі ұсталып, қамауға алынды. Қылмыстық топтың төртінші мүшесінің қайда екенін тез анықтау мүмкін болмады. Сондықтан мемлекетаралық іздеу жарияланып, оған қатысты қылмыстық іс жеке сот талқылауына ұсынылды. Қызылорда облысының 24 жастағы азаматының суреті еліміздегі барлық полиция бөлімшелеріне жіберілді», деп хабарлады Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Осыдан бірнеше күн бұрын Алматы облыстық полициясының тергеушілері оңтүстік астанада арнайы іс-шаралар өткізіп, нәтижесінде жалдамалы пәтерлердің бірінде іздеу жарияланған адамды ұстады.
«Ұсталған адам Талдықорғанға жеткізіліп, қамауға алынды. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы 4-бөліміне сәйкес (тонау) тергеу ісі қолға алынды. Тергеуді Талдықорған қалалық полициясының тергеу бөлімі жүргізуде», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, ұрланған ақшаның бір бөлігін полиция алғашқы үш күдіктіні ұстау кезінде тауып, қылмыстық тергеу материалдарына заттай айғақтар ретінде тіркеген. Үш айыпталушыға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды.