Қарауылтөбеге көгілдір отын келді
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласына қарасты Қарауылтөбе ауылдық округі табиғи газға қосылды.
«ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы арқылы құны 33 млн. теңге болатын инвестициялық жоба аясында, Қарауылтөбе ауылындағы 3 мыңнан аса ауыл тұрғындарының қуанышына орай 300-ге жуық үй көгілдір отынға қосылды.
Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісуге арнайы келіп, ауыл халқының тұрмыс сапасын арттыруда септігі мол айтулы жобаның сәтті жүзеге асуымен құттықтады.
«Өздеріңіз білесіздер, жыл сайынғы халық алдындағы есепті кездесуде көтеріліп жүрген ең басты мәселесі ауылға көгілдір отын тарту болатын. Сіздердің сұраныстарыңыз бен талаптарыңызды орындау үшін тиісті жұмыстарды жасадық.
Міне, сол жұмыстардың нәтижесінде мақсатымызға қол жеткізіп табиғи газды салтанатты түрде қосқалы тұрмыз. Осы жобаны жүзеге асыруға атсалысқан барша азаматтарға және бізге сенім артқан ауыл тұрғындарына ерекше алғысымызды айтамыз. Үйлеріңізге келген көгілдір отын отбасының жылуын, отанымыздың қуатын арттыра берсін!», - деді, қала әкімі.
Қала әкімі, салтанатты шара барысында тағы бір жағымды жаңалықпен бөлісіп, келер жылдың соңына дейін Ақсуат ауылдық округі табиғи газға қосылатынын жеткізді. Ағымдағы жылы, осы мақсатта бюджеттен бөлінген 100 млн. теңгеге жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.
Айта кетейік, Қызылорда қаласына қарасты 2 кент және 7 ауылдық округ болса, оның ішінде бүгінгі күнге 2 кент және 3 ауыл толық газбен қамтылған. Нәтижесінде қаланы газдандыру көрсеткіші 95 пайызды құрады.