КӨГІЛДІР ОТЫН – КӨПТІҢ ИГІЛІГІ
Биыл Қызылорда облысы халқының 80 пайызы көгілдір отынға қол жеткізбек. Бұл бағыттағы жұмысқа «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ қомақты қаражат бөлгені көпшілікке мәлім.
Аталған акционерлік қоғамның инвестициялық қаражатына аймақтағы 4 аудан орталығы, атап айтқанда Арал қаласы, Әйтеке би, Шиелі және Жаңақорған кенттері мен Байқоңыр қаласына автоматтандырылған газ тарату стансаларының құрылысы мен кварталішілік газ құбырларын салу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілуде. Сонымен қатар, Қызылорда қаласының іргесіндегі Белкөл, Талсуат, Наурыз секілді елді мекендері де газдандырылып жатыр.
Алдағы уақытта көгілдір отынның игілігін Қазалы ауданының орталығы – Әйтеке би кентімен қатар, стансаға жақын орналасқан Қазалы қаласы мен елді мекендердегі халық та көретін болады. Бұған байланысты жұмыс жасалып жатқан көрінеді.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, қазір Қазалы қаласының тұрғын үйлерін газбен қамту үшін жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге облыстық бюджеттен 5 миллион теңге қаржы бөлінген. Жалпы, жобаның құны – 32 миллион теңге. Жоба дайындалғаннан кейін қаржыландыруға ұсыныс берілмек.
Сонымен қатар, кентке жақын орналасқан Ғ.Мұратбаев ауылына (310 тұрғын үй мен 8 мекемеге) газ желісін жеткізу жоспарда бар. Ол үшін демеушілік есебінен жоба-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.
Халық та игі істің нәтижелі болуына тілектес. Қазалы қаласы мен Ғ.Мұратбаев ауылына газ кіргізілсе, қалған елді мекендерге де табиғи газды жеткізуге жол ашылатын еді.