Қызылорда облысында қант диабетімен 12 мың адам ауырады
Kyzylorda-news.kz. 14 қараша – Дүниежүзілік диабетпен күресу күні. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалының мәліметіне сәйкес, бүгінгі күнге Қызылорда облысында қант диабетімен ауыратын 12 мың 334 науқас тіркелген, оның ішінде 147 – балалар.
Мамандардың пікірінше, қант диабетінен емделу – бұл адамның денсаулығына жауапкершілігінің деңгейіне тікелей байланысты ауруы. Диабетпен өмір сүруге болады. Бірақ ол тәртіп пен өзін-өзі бақылауды талап етеді. Қант диабетімен өмір сүруді үйрену үшін «Диабет мектептері» құрылған. Бұл мектептер алғашқы медико-санитарлық көмек көрсететін барлық мекемелерде жұмыс жасайды.
Көбіне қант диабеті скринингтен өту барысында анықталады. Осыған байланысты, дәрігерлер немқұрайлық танытпауды ескертеді. Биылғы жылдың 9 айында скринингтен өткен 56 337 облыс тұрғындарының 4 973-де «тәтті ауру» анықталған.
«Диабетті диетаның, жаттығулар мен дәрі-дәрмектің көмегімен емдеуге, сол арқылы оның асқынуына жол бермеуге болады. Ең алдымен әр пациент өз денсаулығы үшін өзі жауапты: ол арнайы күнделік ашып, күн сайы қан мен несептегі қант деңгейін, несептегі ацетон мөлшерін, салмағы мен қан қысымын жазып жүруі тиіс. Бұл науқастың ахуалын анықтап, емдеу схемасын ауыстыруға, терапияны, диета мен физикалық жаттығулар бағытын реттеп отыруға көмектеседі», – дейді мамандар.
Қазақстанда қант диабеті тегін емделеді. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде диабетке шалдыққан пациенттерге түрлі дәрі мен медицина бұйымдары беріледі. Оның ішінде шприц, тест-жолақша, глюкометр, инсулин помпалары мен инсулин де бар.
«2020 жылдан бастап МӘМС жүйесіне қосылуымен қант диабетімен ауыратын науқастарға мемлекеттің есебінен профилді мамандардың қызметі, лабораторлық диагностика, күндізгі және тәуліктік стационарлардағы жоспарлы көмек көрсетіледі және дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз етіледі», – дейді Қор сарапшылары бізбен әңгімесінде.
Еске салсақ, 2020 жылдың басынан бастап Қазақстанның тұрғындарына медициналық көмек екі пакетпен көрсетіледі. Біріншісі – ол тегін медициналық қызметтер, ТМККК. Екіншісі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған қатысушыларға арналған пакеттер.