Елімізде жылына қанша тонна уран өндіріледі?
Kyzylorda-news.kz. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин "Росатом" мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачевпен кездесу өткізді, деп хабарлайды Тengrinews.kz.
"Атом саласындағы ынтымақтастық біздің елдеріміздің арасындағы екіжақты қарым-қатынастарда маңызды орын алады. Бүгінде бағыттардың кең спектрі бойынша бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр", - деді Асқар Мамин.
Қазақстанда 5 қазақстандық-ресейлік бірлескен уран өндіруші кәсіпорын жұмыс істейді: "Заречное" БК АҚ, "Қаратау" ЖШС, "Ақбастау" БК" АҚ, "ОТХК" БК" ЖШС, "Хорасан-U" БК" ЖШС. 2018 жылы олар 8427 тонна уран (ҚР-да уран өндірудің барлық көлемінен 38,8 пайыз), осы жылдың 9 айында - 6645,8 тонна уран өндірді.
Тараптар атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Ресей-Қазақстан ынтымақтастығының кешенді бағдарламасын жүзеге асыру барысын, соның ішінде уранды өндіру және байыту, ғылыми-техникалық және инновациялық даму саласындағы, сондай-ақ Атом Қуаты Халықаралық Агенттігімен Төмен байытылған уран банкі бойынша өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылады.