ТЕРРОРИСТІК ҚОРҒАНЫСЫ ОСАЛ НЫСАН БАСШЫЛАРЫ ӘКІМШІЛІК ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛДЫ
Қызылордалық полицейлер адамдар көп шоғырланатын орындарды тексеріп, терроризмге қарсы қорғалуы заң талаптарына сай емес нысандарды анықтауда.
Былтыр жыл көлемінде жүргізілген тексеру жұмыстары нәтижесінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 149-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзiне сенiп тапсырылған нысанның терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету және қауiпсiздiгiнiң тиiстi деңгейiн сақтау жөнiндегi мiндеттердi тиiсiнше орындамағаны үшін 10 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот орындарының шешіміне сәйкес оларға 8 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды.
Тексеру нәтижелері көрсеткендей, террористік тұрғыдан осал объектілерде инженерлік-техникалық қадағалау, бейнебақылау жүйесі мен дабыл қондырғылары, сондай-ақ, мамандандырылған күзет қызметі болмаған.
Айта кетерлік жайт, Қызылорда облысының Ішкі істер департаменті Қазақстан Республикасының «Ішкі істер органдары туралы» және «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңына сәйкес облыс аумағында орналасқан террористік тұрғыдан осал объектілерді тұрақты түрде тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі